ҚХЛ: «Барыс» плей-офф кезеңінің келесі сатысына шыға ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Құрлық хоккей лигасы плей-офф кезеңі басталады. Елордалық «Барыс» жарыстың ширек финалында Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен шеберлік сынасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыс талабы бойынша кезеңнің аталмыш сатысында команданың біреуі төрт жеңіске жеткенге дейін созылады. Алғашқы кездесу 1 наурызда басталады. Сол күні елордада екі команда кездессе, 3 наурызда елордада тағы бір ойын өтеді. Ал 5 және 7 наурыз күндері матч Магнитогорск қаласында болады. Қажет болған жағдайда қосымша ойындар 9, 11, 13 наурыз күндері ойналады.

Айта кетерлігі, «Барыс» құрлық хоккей лигасына биыл 12 мәрте қатысты. Соның онында плей-офф сатысының бақ сынады. 2014, 2017, 2019 жылдарда жарыстың екінші кезеңіне шықты.

«Барыс» плей-офф кезеңіне оныншы мәрте жолдама алып отыр. Оның үшеуінде ширек финалдан өтіп, жартылай финалда бақ сынауға мүмкіндік алды. 2013/2014 жылғы кезеңде ширек финалда «Барыс» Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) кездесіп, барлық төрт ойында қарсыласынан басым түсті. Ал жартылай финалда Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) клубынан жалпы ойын сериясында 2:4 есебімен жеңіліп қалды.

Ал 2017/2018 жылғы кезеңде ширек финалда Ресейдің «Трактор» (Челябинск) клубын ойын сериясында 4:2 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда бүгінгі қарсыласы - «Металлург» клубына жол берді.

2018/2019 жылғы кезеңде жарыстың бірінші сатысында Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) командасын ойындар сериясында 4:3 есебімен жеңіп, одан кейін Ресейдің «Авангард» (Омбы) клубына 2:4 есебімен жол берді.

Екі команда бұған дейін плей-офф сатысында екі мәрте жолықты. 2011/2012 жылғы кезеңде шығыс конференциясында 1/4 финалда ресейлік клуб ойындар сериясында 4:3 есебімен жеңіске жетіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Ал 2016/2017 жылғы кезеңде екі команда шығыс конференциясында жартылай финалда жолығып, ойындар сериясында елордалық команда қарсыласына 0:4 есебімен есе жіберді.

Кездесу елорда уақытымен 17.00-де басталады. Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар