ҚХЛ: «Барыс» пен «Торпедо» жеңімпазы жетінші ойында анықталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасы плей-офф кезеңіндегі елордалық «Барыс» пен Нижний Новгородтың «Торпедо» командалары арасындағы жеңімпаз жетінші кездесуде анықталатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда арасындағы плей-офф кезеңіндегі ойындар сериясы 3:3 есебімен тең болып отыр. Екі клуб та өз айдынындағы кездесулерде жеңіске жетіп, жеңімпазды анықтауды жетінші ойынға қалдырды.
Бүгінгі ойын Нижний Новгород қаласында болды. Айдын иелері бірінші кезеңде бір шайба соқты. «Торпедо» хоккейшісі Денис Паршин мергендігін танытты. Екінші кезеңде «Барыс» сапынан Павел Акользин таразы басын теңестірді. Дегенмен бұдған кейін «Торпедо» хоккейшілері жеңіске жетуге барыншы тырысты.
Себебі, бұл жолы «Барыс» басым түскен жағдайда ойындар сериясы тоқтатылатын еді. «Барыс» жарыстың келесі сатысына жолдама алатын. Осыны жақсы түсінген айдын иелері есепті ұлғайтуға барынша тырысты.
Алдымен Артём Аляев 30-минутта «Торпедоны» тағы алға шығарса, 34-минутта Владимир Галузин есепті ұлғайта түсті. «Барыс» қатарында соңғы үш минутта қақпашы Хенрик Карллсонның орнына алтыншы ойыншы шықты. Дегенмен біздің команданың таразы басын теңестіруге мүмкіндігі болған жоқ.
Кездесу 3:1 есебімен «Торпедоның» басымдығымен аяқталды. Бұл жұптың жеңімпазы 10 наурызда анықталады. Аталмыш ойын Астана қаласында өткізіледі. Жеңімпаз атанған команда жарыстың келесі сатысында Омбының «Авангард» клубымен кездеседі.
Естеріңізге сала кетелік, 6 наурызда «Барыс» аталмыш қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірген еді.

Соңғы жаңалықтар