ҚХЛ: «Барыс» овертаймда «Металлургті» жеңіп кетті
«Барыс» соңғы кезде қарсыластарына есе жіберіп қойып жүр. Соның салдарынан турнир кестесінде біршама төмен түсіп қалды. Соңғы 14 ойында елордалық хоккейшілері ала-құла ойын көрсетті. Олардың арасынан төртеуінде ғана жеңіске жетіп, қалғанында қарсыласына есе жіберіп қойған еді.
«Барыс» пен «Металлург» биыл екі мәрте кездесіп үлгерді. Оның біреуінде елордалық хоккейшілер 3:1 есебімен басым түссе, екіншісінде 1:2 есебімен жеңліп қалды.
Бүгінгі ойында «Металлург» алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 6-минутында Сергей Мозякин өз командасын алға шығарды. Оған 25-минутта «Барыс» хоккейшісі Павел Акользин бір шайбамен жауап қайырды. Ойынның негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталды. Кездесу овертаймға ұласты. Овертаймда «Барыс» сапынан Линус Виддель жеңіс шайбасын соқты. Осылайша елордалық клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті.
«Барыс» енді 28 қарашада «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен ойнайды. Одан кейін елордада 1 желтоқсанда Беларусьтің «Динамо» (Минск) командасын қабылдайды.
«Барыс» бұдан бұрын 24 қарашада «Амурдан» жеңіліп қалған еді.