ҚХЛ: «Барыс» «Металлургті» жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» өз айдынында Магнитогорскінің «Металлург» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.    

«Барыс» командасы соңғы ойындарда қарсыластарына есе жіберіп қойып жүр. Атап айтқанда, соңғы жеті кездесуде небәрі 2 мәрте жеңіске жеткен еді. Қазір «Барыс» сапында бірқатар хоккейшілер жарақат алып қалғаны белгілі. Олардың көпшілігі команданы алға сүйреп жүрген ойыншылар саналады. Сондықтан «Барыстың» ойыны барысында аздаған қиындықтар туып жатыр.

Бүгінгі қарсылас «Металлург» клубы оңай шағылатын жаңғақ емес. Турнир кестесінде алдыңғы бестікте келеді. «Барыс» та алдыңғы ондықта тұр. Сол себепті бүгінгі ойын тартысты өтетіні белгілі еді.

Кездесу барысы солай өрбіді. Дегенмен алғашқы екінші кезең біздің команда үшін сәтті өтті. Атап айтқанда, 22-минутта командалас әріптесі Алексей Маклюковтың пасынан кейін Павел Акользин есеп ашты. Келесі шайбаны 39-минутта Мэттью Фрэттин соқты. Осылайша «Барыс» 2:0 есебімен алға шықты.

Үшінші кезеңде біздің хоккейшілер есеп айырмасын тағы бір шайбаға ұлғайтты. 43-минутта командалас әріптестері Валерий Орехов пен Павел Акользиннің берген пасын Никита Михайлис голға айналдырды. Одан кейін «Металлург» хоккейшілері екі шайбаны соқты. Алдымен 48-минутта Роман Любимов, 58-минутта Ииро Пакаринен өз қанжығаларын майлады. Есеп 3:2. Ойын соңына дейін осы есеп өзгерген жоқ. Елордалық клуб жеңіске жетті. 

Естеріңізге сала кетелік, 1 желтоқсанда «Барыс» елордада Екатеринбургтің «Автомобилист» клубынан 2:7 есебімен жеңіліп қалған еді.

Бұдан кейін сырт айдында Хельсинкидің «Йокеритін» буллитте 2:1 есебімен тізе бүктірді. Осының нәтижесінде «Барыс» үш ойындың жеңіліс сериясын тоқтатты. Дегенмен келесі кездесуінде Ярославльдің «Локомотивінен» 3:5 есебімен жеңіліп қалды. Одан кейін Череповецтің «Северсталінен» 5:3 есебімен басым түсті.

Енді «Барыс»  елордада 6 желтоқсанда Челябінің «Трактор» командасымен шеберлік байқасады. Одан кейінгі үш ойынын сыртта өткізіп, 8 желтоқсанда Владивостоктың «Адмирал», 10 желтоқсанда Хабаровскіде «Амур», 12 желтоқсанда Қытайда «Куньлунь Ред Стар» командаларымен кездеседі. Ал 18 желтоқсанда елорадада Череповецтің «Северсталь» командасын қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар