ҚХЛ: «Барыс» Магнитогорскіде «Металлургтен» басым түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы аздаған үзілістен кейін Магнитогорскінің «Металлург» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос команда биылғы құрлықтық хоккей лигасында екінші мәрте кездесіп отыр. 2018 жылдың 3 желтоқсанында Астанада өткен кездесуде біздің команда аталмыш қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Екі команда құрлықтық хоккей лигасында бұған дейін 32 мәрте кездескен. Оның ішінде 9-ы «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында қарсыласына есе жіберді.

«Металлург» командасы биыл жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Бүгінгі күнге дейін 50 ойыннан кейін 70 ұпаймен алтыншы орында тұрған еді. Ал «Барыс» 49 кездесуде 69 ұпай жинап, турнир кестесінде сегізінші орынға тұрақтады. Бір-бірімен қатарлас келе жатқан қос ұжым бүгін тартысты кездесу өткізетіні белгілі еді.

Ойын барысы да біз күткендегідей өрбіді. Бірінші кезең қос команданың алма-кезек шабуылымен жанкүйер есінде қалды. Дегенмен олар бір-біріні қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңнің 26-минутында «Барыс» сапынан Алексей Маклюков есеп ашты. Ал 31-минутта Даррен Диц есепті үстемелей түсті.

Үшінші кезеңнің 49-минутында «Металлург» сапынан Андрей Чибисов мергендік танытты. Бұдан кейін шабуылды күшейтті. Ойынның соңғы минутында айдын иелері қақпашыны хоккейшіге алмастырды. Осының нәтижесінде Дастин Бойд бос қақпаны дәл көздеп, қорытынды есепті белгіледі. «Барыс» аталмыш қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасына берілетін жолдамаға 17 қаңтар күні қол жеткізді. Елордалық клуб дәл сол күні Астанада Уфаның «Салават Юлаев» клубын овертаймда 1:0 есебімен жеңді.

«Барыс» енді үш ойынды сырт айдында өткізеді. Алдымен 24 қаңтарда Санкт-Петербургтің СКА командасымен кездессе, 26 қаңтарда Мәскеуде ЦСКА клубымен шеберлік байқасады. Ал 29 қаңтарда Новосібірдің «Сибирьімен» ойнайды. Елордада 31 қаңтарда Санкт-Петербургтің СКА командасымен тағы бір ойын өткізеді.

Соңғы жаңалықтар