+7 (701) 759 90 19
USD 389.75 EUR 434.26
RUB 6.12 CNY 55.05
Jańalyqtar

ҚХЛ: «Барыс» «Локомотивтен» жеңіліп қалды

2018 жылғы 25 қараша 22:27
Бөлісіңіз:
ҚХЛ: «Барыс» «Локомотивтен» жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ярославльдің «Локомотив» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос команда турнир кестесінде қатар тұр. «Локомотив» жылма-жыл жақсы ойын көрсеткішімен жанкүйерді қуантып келеді. Құрлықтық хоккей лигасы тұсауын кескен алғашқы жылы оның финалдық кезеңі саналатын Гагарин кубогында ақтық сайысқа дейін жетті. Сол жолы жеті ойындық жекпе-жекте Қазанның «Ақ барысынан» жеңіліп қалды. Одан кейінгі жылдарда да тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізіп келеді. Биыл да турнир кестесінде алдыңғы ондықта келе жатқанын көп нәрсені аңғартады.

«Барыс» өз айдынында өткізген үш кездесуінің барлығында қарсыласына есе жіберіп қойды. Алдымен 14 қарашада Хабаровскінің «Амурынан» негізгі кезеңде, Мәскеудің «Динамосынан» овертаймда 2:3 есебімен, сондай-ақ Уфаның «Салават Юлаевынан» 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Бұдан кейін сырт айдында Хельсинкидің «Йокеритін» буллитте 2:1 есебімен тізе бүктірді. Осының нәтижесінде «Барыс» үш ойындық жеңіліс сериясын тоқтатты. Турнир кестесіндегі жағдайын да біршама түзеп алды.

Бүгінгі кездесуде қос команда да тезірек гол соғу мүмкіндігін іздеді. Бұл мақсатта шабуыл шебіне көбірек шығып жатты. Алғашқы шайбаны айдын иелері соқты. «Локомотив» сапынан 7 минутта Егор Аверин мергендік танытты. Бұдан кейін қос команда тарапынан есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді.

Екінші кезең «Барыс» үшін сәтті басталды. Никита Михайлис пен Мэттью Фрэттиннің пасынан кейін 23-минутта Валерий Орехов шайба соғып, таразы басын теңестірді. Бұл гол біздің жігіттердің сенімін күшейткен секілді. Бұдан кейін «Барыс» хоккейшілері екі шайба соғып кетті. Алдымен 32.05-те Дмитрий Гренц пен Дмитрий Шевченконің пасынан кейін Кирилл Панюков қанжығасын майлады. Ал арада небәрі 35 секунд өткенде Мэттью Фрэттин «Барысты» 3:1 есебімен алға шығарды. Бұдан кейін айдын иелері шабуылды күшейте түсті. Осындай сәттердің бірінде «Локомотив» хоккейшісі Данил Юртайкин есеп айырмасын қысқартты. Есеп 3:2. Екінші кезең «Барыстың» жеңісімен аяқталды.

Соңғы кезең бастала салысымен айдын иелері таразы басын теңестірді. Павел Красковский 43-минутта біздің қақпадан саңылау тапты. Ал 46-минутта «Локомотив» хоккейшісі Данил Алексеев өз командасын алға шығарды. Есеп 4:3. Ал 54-минутта Егор Аверин қорытынды есепті белгіледі. Ойын 5:3 есебімен «Локомотивтің» жеңісімен аяқталды.

Енді «Барыс» сырт айдында бір ойын өткізеді. 27 қарашада Череповецтің «Северсталь» командасымен кездеседі. Одан кейін елордада қатарынан үш команданы қабылдайды. Алдымен 1 желтоқсанда Екатеринбургтің «Автомобилист» айдынға шықса, одан кейін 3 желтоқсанда Магнитогорскінің «Металлург», 6 желтоқсанда Челябінің «Трактор» командаларымен шеберлік байқасады.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Спорт,
Бөлісіңіз:

Автор:

Әділжан Үмбет

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT