ҚХЛ: «Барыс» қытайлық команданы жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» бүгін Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда бүгінге дейін құрлықтық хоккей лигасында алты мәрте шеберлік байқасты. Қуанарлығы, оның төртеуінде «Барыс» жігіттері басым түссе, қалғанында қытайлық хоккейшілер жеңіске жеткен.

«Куньлунь Ред Стар» командасының құрылғанына биыл үшінші жыл толады. Әзірге жоғары табыстарға қол жеткізе қойған жоқ. Биыл да жанкүйерлерін жақсы ойын өрнегімен қуанта алмай келеді. Олар жарыстың плей-офф сатысына шыға алмайтын секілді. Қоржынында қазір небәрі 46 ұпай бар. Турнир кестесінде 20-орында тұр. Соған қарамастан әрбір кездесуде қарсылас ығына жығыла қоюды қаламайды.

Биыл екі команда екі мәрте кездесіп үлгерді. Алдымен 12 желтоқсанда «Барыс» аталмыш қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктірді. Ал 14 қаңтарда қытайлық хоккейшілер Астанада біздің командадан 1:3 есебімен есе қайтарды.

Бүгінгі кездесу тартысты басталды. Қытайлық клуб хоккейшілері біздің қақпадан саңылау іздеуге тырысты. Шабуыл шебінде жиі бой көрсетті. Дегенмен оған «Барыс» жігіттері қинала қойған жоқ. Оларға лайықты тойтарыс берді. Шабуыл тізгінін қолға алуға тырысты. Алғашқы шайбаны айдын иелері соқты. Біздің командадан Павел Акользин 14-минутта қанжығасын майлады.

Екінші кезеңде «Барыс» хоккейшілері Қытай командасының қақпашына қауіпті сәттерді жиі ұйымдастырды. Ойынның 24-минутында біздің командадан Дастин Бойд шайба соққан еді. Қытайлық қақпашыға бөгет жасалды деген желеумен төрешілер бейнеқайталауға жүгінуге мәжбүр болды. Сосын төрешілер соғылған шайбаны санамай тастады. Десе де көп ұзамай «Барыс» сапынан Роман Старченко мергендік танытты. Бұл ойынның 29-минуты болатын.

Үшінші кезеңде де екі команда тартысты ойын өткізді. «Барыс» сапынан 49-минутта Павел Акользин бүгінгі кездесудегі екінші шайбасын соқты. Дегенмен арада бір минутта өтпестен қытайлық хоккейшілер есеп айырмасын қысқарта алды. Ол 50-минутта Джастин Фонтейн өзінің еншісіне жазды. Ойында «Барыс» 3:1 есебімен жеңіске жетті.

«Барыс» бұған дейін 12 ақпанда Астанада Новосібірдің «Сибирь» командасынан 5:2 есебімен басым түсті.

«Барыс» енді Астанада бір ойын өткізеді. Біздің хоккейшілер 16 ақпанда Омбының «Авангард» клубын қабылдайса, одан кейінгі үш кездесуді сырт айдында өткізеді. Алдымен 18 ақпанда Владивостокта «Адмирал», 20 ақпанда Хабаровскіде «Амур» командаларымен ойнайды. Құрлықтық хоккей лигасындағы соңғы кездесуін «Барыс» бүгінгі қарсыласы - «Куньлунь Ред Стармен» 22 ақпанда өткізеді. Одан кейін жарыстың плей-офф кезеңі басталады.

Соңғы жаңалықтар