ҚХЛ: «Барыс» қытайлық клубтан жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде өз айдынында Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасын қабылдап, аталмыш қарсыласынан 1:3 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, екі команда биылғы құрлықтық хоккей лигасында бір мәрте шеберлік байқасты. Қытайда өткен кездесуде «Барыс» оларды 4:1 есебімен тізе бүктірді. Қытайлық клуб сол кеткен есені бүгін қайтарды.

Ойын біздің команда үшін сәтті басталған еді. Небәрі 30-секундта Алексей Маклюков «Барысты» алға шығарды. Дегенмен одан кейін біздің команда қарсыластар қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Есесіне Қытайдан келген команда үш шайба соғып кетті.

Олардың қатарынан алдымен 10-минутта Патрик Дунд таразы басын теңестірді. Ал 13-минутта Брэндон Ип қытайлық клубты алға шығарды. Соңғы үш минутта «Барыс» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Қақпашымыз Хенрих Ларрсонды ойыншыға алмастырған. Алайда біздің хоккейшілер көздеген мақсатына жете алған жоқ. Қытайлық команда хоккейшісі Брэндон Ип қорытынды есепті белгіледі. Есеп 1:3. «Барыс» қатарынан үш жеңістен кейін қарсыласына есе жіберіп отыр.

«Барыс» бұған дейін сырт айдындағы төрт кездесудің үшеуінде жеңіске жетті. Елордалық клуб 28 желтоқсанда Челябіде «Тракторды» 0:3 есебімен ойсырата жеңсе, одан кейін 30 желтоқсанда Омбыда «Авангардқа» буллиттен 3:4 есебімен ұтылып қалды . Біздің хоккейшілер Мәскеу қаласында жергілікті «Спартактан» 3 қаңтарда 3:2 есебімен басым түсті. Ал 3 қаңтарда Сочиде «Сочиді» 3:0 есебімен қапы қалдырды. Одан кейін Астанада Хабаровскінің «Амур» командасын 4:2 есебімен басым түсті.

«Барыс» енді Астанада қатарынан үш ойын өткізеді. Алдымен 13 қаңтарда Сочидің «Сочи», 15 қаңтарда Мәскеудің «Спартак», 17 қаңтарда Уфаның «Салават Юлаев» командаларын қабылдайды.

Фото: hcbarys.kz

Соңғы жаңалықтар