ҚХЛ: «Барыс» кезекті ойынын сырт айдында «Торпедо» командасымен өткізеді
2022 жылғы 11 қаңтар 09:47

ҚХЛ: «Барыс» кезекті ойынын сырт айдында «Торпедо» командасымен өткізеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті турында «Барыс» Нижний Новгородта жергілікті «Торпедо» командасымен күш сынасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық клуб 47 ойыннан кейін Шығыс конференциясында 48 ұпай жинап, сегізінші орында келеді.

«Торпедо» соншама матчтан соң 49 ұпаймен Батыс конференциясында тоғызыншы сатыда тұр. Қос команда да плей-офқа шығуға мүмкіндік беретін үздік сегіздікке ілігуді мақсат еткендіктен, бүгінгі кездесудің маңызы зор.

Өткен турда Юрий Михайлистің шәкірттері Магнитогорскіде овертаймда «Металлургті» жеңсе (4:3), «Торпедо» Санкт-Петербургте СКА-дан ұтылып қалған болатын (0:3).

«Торпедо» хоккей клубы өз сайтында алты адамның коронавирус жұқтырғанын мәлім етті. Команданың медицина қызметкерлері індеттің одан әрі жайылмауы үшін алдын алу іс-шараларын жүргізуде.

«Торпедо» — «Барыс» матчы елорда уақытымен сағат 22.00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» овертаймда «Металлург» командасын ұтқанын жазған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT