ҚХЛ: «Барыс» кезекті ойынын Магнитогорскіде «Металлург» командасымен өткізеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында «Барыс» Магнитогорскіде «Металлург» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Металлург» - ҚХЛ-дағы көшбасшылардың бірі. Қазіргі кезде 70 ұпаймен жалпы кестеде және Шығыс конференциясында «Трактордан» кейін екінші орында келеді. Елордалықтар 46 ұпаймен Шығыста бұрынғысынша сегізінші сатыда тұр. Өткен турда қос команда 5 қаңтар күні Нұр-Сұлтанда шеберлік байқасты. Төтенше жағдайға байланысты көрермендерсіз өткен бәсекеде айдын иелері 3:2 есебімен жеңіске жетіп, маңызды екі ұпайға ие болды. Осы ойында «Барыстың» капитаны Роман Старченко ҚХЛ-дағы өзінің 200-інші голын соқты. Роман - осындай табысқа қол жеткізген лигадағы жетінші ойыншы. Жалпы, ол ҚХЛ-да 739 матч өткізіп, 377 (гол және нәтижелі пас) балл жинады. Р.Старченкоға клубтың рекордшысы Найджел Доусты қуып жету үшін енді 17 гол соғуы керек. «Металлург» - «Барыс» матчы елорда уақытымен сағат 18.30-да басталады.


Соңғы жаңалықтар