ҚХЛ: «Барыс» қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» өз айдынында Новосібірдің «Сибирь» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда биыл төртінші мәрте кездесіп отыр. 2018 жылдың 28 қазанында біздің клуб Астанада аталмыш қарсыласын 5:2 есебімен жеңген еді. Одан кейін 12 қарашада «Барыс» олардан Новосібірде овертаймда 2:1 есебімен басым түсті. Ал 29 қаңтарда новосібірлік клуб овертаймда дәл осы есеппен «Барысты» тізе бүктірді.

«Сибирь» командасы плей-офф кезеңіне шығуға күш салатыны анық. Себебі, олар әлі мұндай мүмкіндікке қол жеткізе қойған жоқ. Жалпы турнир кестесінде 18 орында тұр. Жарыс ережесіне сәйкес плей-офф кезеңіне алғашқы 16 команда шығады. Ал «Барыс» алға қойған мұндай мақсатын бірнеше тур бұрын шешіп қойған еді. Қазір олар турнир кестесінде алтыншы орында келеді.

Алғашқы кезеңде қос команда да шабуыл шебінде жиі бой көрсетті. Әсіресе, «Сибирь» жігіттері біздің қақпашыны қапы қалдыруға күш салды. Десе де бірінші кезеңде қақпа құлпы ашыла қойған жоқ.

Екінші кезең басталысымен «Сибирь» хоккейшілері есеп ашты. Оны 21-минутта Виктор Комаров орындады. Алайда олар бұл есепті көп ұстап тұра алған жоқ. Ойынның 23-минутында Егор Петухов таразы басын теңестірді. Ал 25-минутта «Барыс» хоккейшісі Дмитрий Шевченко өз командасын алға шығарды.

Үшінші кезеңде «Сибирь» хоккейшілері дөрекі қимылдарға жиі бой алдырды. Олардың сапынан қатарынан екі ойыншы айдыннан қуылған сәті болды. Осындай сәтте олар айдында небәрі үш ойыншымен қалды. Бұл мүмкіндікті «Барыс» жігіттері мүлт жіберген жоқ. Олардың қатарынан 46-минутта Роман Старченко мергендік танытты. Дәл осындай жағдай тағы да қайталанды. Қарсылас команданың үш хоккейшісі біздің бес ойыншыға қарсы тұра алған жоқ. «Барыс» сапынан 56-минутта Брэндон Боченски шайба соқты. Ал 57-минутта «Сибирь» қатарынан Шейн Принс есеп айырмасын қысқартты. Есеп 4:2. Біздің жігіттер 59-минутта қорытынды есепті белгіледі. Оны Әлихан Әсетов соқты. Барыс» «Сибирь» командасынан 5:2 есебімен басым түсті. Осылайша қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті.

Астаналық клуб бұдан бұрын Астанада Финляндияның «Йокерит» клубын 8:2 есебімен жеңсе, одан кейін Уфада жергілікті «Салават Юлаевтан» овертаймда 3:2 есебімен басым түсті.

«Барыс» енді Астанада екі ойын өткізеді. Алдымен 14 ақпанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубымен мұз айдынға шықса, 16 ақпанда Омбының «Авангард» клубтарын қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар