ҚХЛ: «Барыс» елордада СКА командасынан жеңілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің СКА (Санкт-Петербург) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СКА - құрлықтық хоккей лигасындағы үздік командалардың бірі. Биыл да турнир кестесіндегі үздік үштіктен көрініп келеді. Екі команда арасындағы кездесуде бұдан бұрын ресейлік клуб көбірек жеңіске жеткен. Олар бүгінгі күнге дейін елордалық клубтан 17 мәрте басым түссе, небәрі 4-і «Барыстың» жеңісімен аяқталған. Қазақстандық клуб аталмыш қарсыласына соңғы 7 ойында есе жіберіп қойды.

Бүгінгі кездесуде «Барыс» алғашқы болып есеп ашқан еді. Ойын басталғанына небәрі 11 секунд өткенде елордалық хоккейші Атте Охтамаа қарсылас команда қақпасын дәл көздеді. Дегенмен одан кейін айдын иелері 3-минутта өз қақпасына екі шайба жіберіп алды. Бұл уақытта ресейлік клуб сапынан Йори Лехтеря мен Артём Зуб мергендік танытты. Ал 11-минутта Артём Зуб аталмыш ойындағы екінші шайбасын соқты. Бұдан кейін 12-минутта «Барыс» хоккейшісі Алексей Маклюков есеп айырмасын қысқартқан болатын.

Екінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер таразы басын теңестіруге ұмтылды. Есесіне өз қақпасына үш шайба жіберіп алды. Алдымен СКА сапынан Наиль Якупов 25-минутта голдың авторы атанса, одан кейін 28-минутта Василий Токанов есепті ұлғайтты. Ал 37-минутта ресейлік команда хоккейшісі Артём Зуб бүгінгі кездесуде хет-триктің авторы атанды.

Үшінші кезеңде екі клуб тарапынан тоалсыз шабуыл өрбіді. Дегенмен таблодағы есеп өзгерген жоқ. Нәтижесінде «Барыс» қарсыласынан 2:6 есебімен жеңіліп қалды.

Бұдан бұрын елордалық клуб «Спартак» командасынан жеңіліп қалған еді.

«Барыс» енді елордада үш ойын өткізеді. Алдымен 27 желтоқсанда «Динамо» (Мәскеу) командасын қабылдаса, одан кейін 29 желтоқсанда «Автомобилист» (Екатеринбург), 30 желтоқсанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасымен мұз айдынға шығады.

Фото: www.hcbarys.kz

Соңғы жаңалықтар