ҚХЛ: «Барыс» елордада «Нефтехимиктен» басым түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Барыс» Құрлық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» бүгін плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін шешуі мүмкін болатын. Ол үшін елордалық клуб жеңіске жетіп, Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасы Ресейде «Трактордан» жеңілуі тиіс еді.

Қазақстандық хоккейшілер ойынды қарқынды шабуылмен бастады. Қарсыластар қақпасы маңында бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Оған ресейлік команда лайықты тосқауыл қойды.

Алғашқы шайба екінші кезеңде соғылды. Оны 21-минутта «Барыс» сапынан Даррен Диц өзінің еншісіне жазды. Бұдан кейін ресейлік хоккейшілер таразы басын теңестіруге барынша ұмтылды. Соған қарамастан екінші кезеңде таблодағы есеп өзгерген жоқ.

Үшінші кезең ресейлік хоккейшілердің басымдығымен басталды. Ойын тізгінін қолға алған «Нефтехимик» хоккейшілері «Барыс» қақпасы маңына жиі келді. Нәтижесінде 44-минутта Мэтт Уайт мергендігін көрсетті. Ал 49-минутта қазақстандық хоккейші Антон Сагадеев «Барысты» қайтадан алға шығарды. Кездесуде «Барыс» 2:1 есебімен басым түсті. Дәл қазір плей-офф кезеңіне шығуға жақын тұр. «Куньлунь Ред Стар» Ресейдің Челябі қаласында жергілікті «Тракторынан» 0:1 есебімен жеңіліп жатыр.

Елордалық клуб енді 1 ақпанда «Авангард» (Омбы) клубымен кездеседі.

«Барыс» бұдан бұрын Ресейдің «Автомобилист» командасынан басым түсті.


Соңғы жаңалықтар