ҚХЛ: «Барыс» екінші ойын қатарынан жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Елордада жергілікті «Барыс» Мәскеудің «Динамо» (Ресей) клубын қабылдады. Құрлықтық хоккей лигасындағы бұл ойында біздің команда 2:3 есебімен жол берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұрынғы жылдарда «Динамо» құрлықтық хоккей лигасында тәп-тәуір нәтижемен көзге түсіп жүрген еді. Аталмыш бәсекеде 2011/2012, 2012/2013 жылдарда бас бәйгеге қол созды. Гагарин кубогын төбесіне көтерді. Одан кейінгі жылдарда мұндай табысқа қол соза алмай келеді. Десе де команда ешқандай қарсыласының ығына жығыла қоймайтыны тағы бар. Сондықтан бұл кездесу «Барыс» үшін оғайға соқпайтыны белгілі еді.

«Барыс» биыл 24 қыркүйекте «Динамомен» Мәскеуде кездесіп, ол ойында 3:2 есебімен жеңіске жеткен еді.

Десе де бүгінгі ойын «Барыс» үшін сәтті басталды. Кездесудің алғашқы минутында астаналық хоккейшілер есеп ашып үлгерді. Оған әріптестері Даррен Диц пен Роман Старченко әдемі пас шығарып берді. Бірінші кезеңде екі командалар қаншама қаупті сәттер ұйымдастырғанымен одан ешбір нәтиже келе қойған жоқ.

Екінші кезеңде «Динамо» таразы басын теңестіріп кетті. Бұл гол 30-минутта соғылды. Ол Владимир Брюквиннің еншісіне жазылды. Бұдан кейін есепті ұлғайтатын сәттер болғанымен олар ешбір пайда алып келе қойған жоқ.

Үшінші кезеңде «Динамо» алға шықты. 44-минутта Вадим Шипачев мергендік танытты. Бұл айдын иелерінің ширақ қимылдауына әсер етті. «Барыс» хоккейшілері қарсыластар қақпасы маңына лап қойды. Десе де олар көздеген мақсаттарына жете алмай жатты. 54-минутта «Барыс» сапынан Дастин Бойд таразы басын теңестірді. Бұдан кейін есеп өзгерген жоқ. Ойын овертаймға ұласты. Овертаймда «Динамо» жеңіс шайбасын соқты. Есеп 3:2. «Динамо» жеңіске жетті. «Барыс» осылайша қатарынан екі ойын жеңілді.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Барыс» өз айдынында Хабаровскінің «Амур» командасынан 5:6 есебімен жеңіліп қалды. Оның алдында сырт айдында үш ойын өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен болатын. Алдымен Минскінің «Динамо» (Беларусь) клубын 3:2 есебімен, Братиславаның «Слованын» негізгі кезеңде жеңсе, Новосібірдің «Сибирінен» овертаймда 2:1 есебімен басым түсті.

Енді «Барыс» өз айдынында бір кездесу өткізеді. 18 қарашада Уфаның «Салават Юлаев» командаларымен шеберлік байқасады. «Барыс» аталмыш екі командамен биыл бір-бірден кездесу өткізіп қайтқан еді. 22 қыркүйекте «Салават Юлаевтан» 3:7 есебімен жеңілсе, 24 қыркүйекте Мәскеудің «Динамосынан» овертаймда 3:2 есебімен басым түсті.

Соңғы жаңалықтар