ҚХЛ: «Барыс» Чернышев дивизионында екінші мәрте жеңімпаз атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» өз тарихында екінші мәрте құрлықтық хоккей лигасында Чернышев дивизионында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

16 ақпанда «Барыс» Астана қаласында Омбының «Авангард» командасынан буллиттен 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Соған қарамастан біздің команда биыл Чернышев дивизионының көшбасшысы атағына қол жеткізді. «Барыс» дәл осындай табыс биігінен 2013/2014 жылғы кезеңде де көрінген болатын. Ол уақытта астаналық клубқа фин маманы Ари-Пекки Селин бапкерлік жасаған еді. Сол жылы «Барыс» плей-офф сатысы саналатын Гагарин кубогында екінші айналымға шықты. Алғашқы айналымда Екатеринбургтің «Автомобилист» клубын төрт кездесуде қатарынан жеңді. Жарыстың келесі сатысында Уфаның «Салават Юлаев» клубымен алты кездесу өткізіп, нәтижесінде жалпы серия бойынша 2:4 есебімен жеңіліп қалды.

Сондай-ақ, қазір «Барыс» Шығыс конференциясында екінші орында тұр. Алда - Екатеринбургтің «Автомобилист» командасы. Олар бізден бес ұпай алда келеді. Озып кете аламыз ба? Оны ойындар барысы көрсетеді. Екі команданың да өткізген ойындары бірдей. Екеуінің де алда үш кездесуі қалды.

Біздің команда құрлықтық хоккей лигасында сынға түсіп келе жатқанына биыл он жылдан асты. Содан бері 2015/2016 жылғы кезеңде ғана плей-офф сатысына шыға алмай қалған еді.

«Барыс» биыл бес жыл бұрынғы жетістігінен жоғары нәтижеге қол жеткізуді алдына мақсат етіп отыр. Беларусь бапкері Андрей Скабелканың жетекшілігімен елордалық клуб қазірдің өзінде плей-офф сатысына шығу міндетін орындап қойды. Енді сырт айдында Владивостоктың «Адмирал», Хабаровскінің «Амур» және Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командаларымен кездеседі. Одан кейін плей-офф кезеңі саналатын Гагарин кубогы ойындары бастау алады.

Соңғы жаңалықтар