ҚХЛ: «Барыс» бұрынғы бас бапкерінің командасын ойсырата жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасының алғашқы турында сырт алаңда Ресейдің Нижнекамск қаласының «Нефтехимик» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» биылғы доданы жаңа бапкермен бастап отыр. Командаға Беларусь маманы Андрей Скабелка бас бапкерлік етеді. Ол бұдан бұрын Ресейдің «Металлург» (Новокузнецк), «Торпедо» (Нижний Новгород), «Сибирь», «Авангард», Беларусьтің «Гомель» және аталмыш елдің ұлттық құрамасында бас бапкерлік қызмет атқарған.

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасына биыл 11 мәрте қатысып отыр. Елордалық клуб 2015/2016, 2017/2018 жылдардағы маусымда топтық кезеңнен әріге аса алған жоқ. Биыл қалай болады? Оны маусым барысында көре жатармыз.

Айта кетерлігі, «Нефтехимик» клубында Андрей Назаров бас бапкерлік қызмет жасайды. Естеріңізге сала кетелік, ол «Барыс» командасында арадағы үзіліспен 2014-2016 жылдарда қызмет еткен. «Нефтехимик» командасында 2016 жылдан бері бас бапкер болып келеді.

Бүгінгі кездесудің бірінші кезеңінде есеп ашылған жоқ. Қазақстандық хоккейшілер екінші кезеңде қарсыластар қақпасынан саңылау тауып, оларға екі шайба соғып үлгерді. Соғылған алғашқы шайба 24-минутта «Барыстың» қатарына биыл ғана қосылған канадалық Патрис Кормьенің еншісіне жазылды. Оған командалық әріптестері Никита Михайлис пен Даррен Диц мүмкіндік жасады. Арада екі минуттай өткенде «Барыс» есепті үстемелей түсті. Соғылған шайба тағы бір канадалық Даррен Дицтің қанжығасын майлады.

Қалған голдан үшінші кезеңде соғылды. Ойынның 42-минутында Никита Михайлис пен Патрис Кормьенің жасап берген мүмкіндігін Роман Старченко мүлт жіберген жоқ. Ал 46 және 47-минуттарда «Нефтехимик» өз қақпасынан екі мәрте шайба алып шығуға мәжбүр болды. Алдымен Брэндон Боченски мен Мэттью Фрэттин берген пастан кейін «Барыс» сапындағы тағы бір канадалық ойыншы Андре Петерссон қақпаны дәл көздеді. Одан кейін Павел Акользин елордалық команда есебіне тағы бір шайбаны жазды. Оған 57-минутта «Нефтехимик» сапынан 57-минутта Юусо Пуустинен шайба соғып, есеп айырмасын қысқартты. Ойын нүктесі 59-минутта қойылды. «Барыс» сапынан Мэттью Фрэттин бос қақпаға шайба соқты. Дәл осы уақытта «Нефтехимик» қақпаны бос қалдырып, алты хоккейшімен ойнап жатқан еді.

«Барыс» алдағы екі ойынды да сырт алаңда өткізеді. Алдымен 7 қыркүйекте Ресейдегі Татарстан астанасы - Қазан қаласында жергілікті «Ақ Барыс» командасымен мұз айдынға шықса, 9 қыркүйекте Нижний Новгород қаласында «Торпедо» клубымен шеберлік байқасады. Ал өз мұз айдынындағы алғашқы кездесуін бүгінгі қарсыласы - «Нефтехимик» командасымен 12 қыркүйекте өткізеді.

Соңғы жаңалықтар