ҚХЛ: «Барыс» биыл жоғары жетістікке жете ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы плей-офф кезеңін бастайды. Астаналық клуб Ресейдің Нижний Новгород қаласының «Торпедо» командасымен шығыс конференциясында ширек финалға берілетін жолдаманы сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасында 2008/2009 жылғы кезеңнен бастап сынға түсіп келеді. Біздің команда 2015/2016, 2017/2018 жылғы кезеңдерде шығыс конференциясында 1/8 финалдық сатысына шыға алған жоқ.

2008/2009 жылғы кезеңде плей-офф кезеңінде 1/4 финалдық сатысында Ресейдің «Ақ Барыс» (Қазан) командасымен кездесті. Астаналық клуб қатарынан үш кездесуде де қарсыласына есе жіберді. Нәтижесінде жарыстың келесі кезеңіне қазандық жігіттер жолдама алды. Келер жылғы плей-офф сатысында біздің хоккейшілер тағы да «Ақ Барыстан» айналып өте алған жоқ. Үш кездесу де сәтсіз аяқталды. «Ақ Барыс» біздің командаға үшінші жыл қатарынан тағы да жолықты. «Барыс» бұл жолы төртінші кездесуде де есе жіберді.

Ал 2011/2012 жылғы кезеңде астаналық клуб жарыстың 1/8 финалынан шығуына сәл сәттілік жетіспей қалды. Олар Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен жұп құрады. Жеңімпаз жетінші кездесуде әрең анықталды. Дегенмен соңғы ойында қарсыласымыз жеңіске жетті. 2012/2013 жылғы кезеңде де дәл осындай жағдай қайталанды. «Барыс» шығыс конференциясында плей-офф кезеңінің ширек финалдық сатысынан аса алған жоқ. Бұл жолы Новосібірдің «Тракторына» жол беріп қойды.

2013/2014 жылғы кезеңде «Барыс» өз жанкүйерлерін жетістігімен қуантты. Шығыс конференциясында плей-офф сатысының ¼ финалында Екатеринбургтің «Автомобилист» командасын жалпы ойындар сериясында 4:0 есебімен тізе бүктірді. Ал ширек финалда Уфаның «Салават Юлаевынан» 2:4 есебімен жеңіліп қалды.

Ал 2014/2015 жылғы кезеңде плей-офф кезеңінде Омбының «Авангардынан» жалпы ойындар сериясында 2:4 есебімен сүрініп, келесі жылы плей-офф сатысына шығуға қол жеткізе алған жоқ. Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты біріншілігіндегі жалпы турнир кестесінде 17 орын алған елордалық клуб плей-офф кезеңінен тыс қалып қойды..

«Барыс» 2016/2017 жылғы кезеңде тағы да жоғары жетістігімен жанкүйерлерді қуантты. Плей-офф кезеңінің шығыс конференциясында олар Новосібірдің «Тракторын» жалпы ойындар сериясында 4:2 есебімен жеңіп кетті. Дегенмен ширек финалда Магнитогорскінің «Металлургінен» төрт кездесуде де жеңіліп қалды. Осылайша бәсекені жалғастыра алған жоқ. Ал 2017/2018 жылғы кезеңде «Барыс» жарыстың бұл сатысына шығудан шет қалды.

Астаналық команда биыл Нижний Новгордтың «Торпедо» командасымен шеберлік байқасады. Аталмыш қарсыластан айласын асыра ала ма? Бұл жолы ойындар сериясы екі команданың бірінің төрт жеңісіне дейін жалғасады.

Естеріңізге сала кетелік, 26 және 28 ақпандар күндері екі команда Астанада ойнаса, 2 және 4 наурызда ол Нижний Новгородта жалғасады. Ал ойын 6 наурызда Астанада, одан кейін 8 наурызда Нижний Новгородта болады. Алты кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда соңғы шешуші ойын елорда төрінде өткізіледі.

Бүгінгі кездесу Астана уақытымен 19.30-да басталады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар