ҚХЛ: «Барыс» «Авангардтан» жетінші ойын қатарынан жеңілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Омбының «Авангард» (Ресей) командасымен құрлықтық хоккей лигасы шығыс конференциясында плей-офф кезеңінің жартылай финалының алғашқы ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, плей-офф кезеңінің ширек финалында «Барыс» Нижний Новгородтың «Торпедо» командасын орта жолда қалдырып кетті. Жеті кездесуге созылған ойындар сериясында елордалық клубтың жолы болды. Жеңімпаз соңғы кездесуде анықталды .

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жартылай финалда жолыққан «Авангард» командасы - «Барыс» үшін қолайсыз қарсылас. «Барыс» пен «Авангард» командалары бүгінгі күнге дейін 46 мәрте кездескен. Оның 31-і «Авангардтың» басымдығымен аяқталса, 15-де «Барыс» жеңіске жетті.

Айта кетерлігі, соңғы алты ойыннан бері біздің команда аталмыш қарсыласын тізе бүктіре алмай келеді. Соңғы мәрте «Барыс» омбылық клубты 2017 жылдың 10 қазанында 4:3 есебімен жеңген еді. Екі команда бүгінгі күнге дейін плей-офф кезеңінде бақ сынасып көрген жоқ. Сондықтан бұл сайыс қос командаға да үлкен сын болғалы тұр.

Бүгінгі кездесуде екі клуб та шабуылға жиі шығып тұрды. Соған қарамастан есепті алғаш «Авангард» командасы ашты. Ойынның 11-минутында Кирилл Петров соқты. Бұдан кейін Илья Михеев 17-минутта есепті үстемелей түсті. Осылайша бірінші кезеңде «Барыс» аталмыш қарсыласынан 0:2 есебімен жеңілуге мәжбүр болды.

«Барыс» хоккейшілері екінші кезеңде таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Олар ойлаған мақсатына жете алмады. Бұл кезеңде қос команда да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Соңғы кезеңде «Барыс» хоккейшілері көп күткен шайбаны соғуға мүмкіндік туды. Қарсыластар қақпасы маңында шабуыл ұйымдастырған Андре Петеррсон мергендік танытты. Есеп 1:2. Соңғы минуттарда «Барыс» қақпашыны алтыншы ойыншыға алмастырған еді. Бұл мүмкіндікті «Авангард» ойыншысы Сергей Широков мүлт жібермей, бос қалаған қақпаға шайба соқты. Есеп 1:3. Осылайша «Барыс» командасы «Авангардтан» жетінші ойын қатарынан жеңіліп отыр.

Бұдан кейінгі кездесу де елордада 16 наурызда болады. Одан соң екі ойын 18 және 20 наурызда Балашиха қаласында өтеді. Төрт кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда командалар 22 наурызда Астанада, 24 наурызда Балашихада шеберлік байқасады. Алты ойында жеңімпаз белгілі болмаса соңғы кездесу тағы да Астанада 28 наурызда өтеді.

Соңғы жаңалықтар