ҚХЛ: «Барыс» «Авангардтан» ойсырай жеңілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы шығыс конференциясында плей-офф кезеңінің жартылай финалының үшінші ойынын өткізді. Астаналық клуб Омбының «Авангард» (Ресей) командасымен аталмыш конференцияның финалына беріспорлетін жолдаманы сарапқа салып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрынғы екі кездесуде ойындар сериясы теңесті. Екі ойында Астана қаласында өткен еді. Алғашқы ойында «Барыс» «Авангардқа» 1:3 есебімен жол берді. Келесі кездесуде біздің жігіттер кеткен есесін қайтарып, қарсыласын 4:2 есебімен тізе бүктірді.

Сондықтан жанкүйерлер бүгінгі кездесуден тартысты бәсеке күтті. Расында, ойын барысы солай өрбіді. Омбылық жігіттер тізгінді бірден қолда ұстауға тырысты. Төрешілердің бұра тарту жағдайы да байқалып тұрды. Айдын үстінде омбылық хоккейшілер тәртіп бұзып жатты. Оған төрешілер көз жұма қарады. Есесіне «Барыс» командасы бірнеше сәтте кем ойыншымен қарсы тұруға мәжбүр болды. Мұндай мүмкіндікті «Авангард» командасы құр жібере ме? «Барыс» сапынан Егор Шалапов екі минуттық айыппен айдыннан кеткен 14 минутта «Аванград» хоккейшісі Андрей Стась алғашқы шайбаны соғып кетті.

Екінші кезеңде «Барыс» бірнеше мәрте сан басымдығына ие болды. Дегенмен қанша жерден тырысқанмен астаналықтар қарсыластар қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Есесіне 22-минутта «Авангард» сапынан Егор Шумаков біздің қақпаны дәл көздеді. Есеп 2:0. Екінші кезеңде тағы бір шайба соғылды. Ол 35-минутта омбылық хоккейші Сергей Широковтың еншісіне жазылды.

Үшінші кезеңде «Авангард» есепті үстемелей түсті. Олардың қатарынан 44-минутта Кирилл Семёнов мергендік танытты. Бұдан кейін «Барыстың» бас бапкері қақпашы Хенрик Карллсонды Доминик Граховинаға алмастырды. Ал 52-минутта Коди Франсон тағы бір шайбаны соғып кетті. Есеп 5:0. Айта кетерлігі, оның 4-і «Авангард» хоккейшілер саны басым болған сәтте соғып кеткенін айта кетелік.

Жалпы алғанда, бүгінгі кездесуде төрешілер біздің хоккейшілерді айдыннан жиі қуды. Ойын барысында «Барыс» сапынан хоккейшілер он мәрте олардың жазасына тартылса, «Авангард» қатарынан алты хоккейші екі минуттық айыпқа тартылды.

Енді тағы бір ойын 20 наурызда Балашиха қаласында өтеді. Ескерте кетерлігі, Омбы қаласындағы хоккей аренасы мұндай деңгейдегі ойындар өткізуге дайын емес. Сондықтан «Авангард» өз ойындарын Мәскеу облысындағы Балашиха қаласында өткізуге мәжбүр. Төрт кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда командалар 22 наурызда Астанада, 24 наурызда Балашихада шеберлік байқасады. Алты ойында жеңімпаз белгілі болмаса соңғы кездесу тағы да Астанада 28 наурызда өтеді.

Соңғы жаңалықтар