ҚХЛ: «Барыс» «Авангардтан» буллиттен жеңіліп қалды

None
None
    АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы жетінші кездесуінде Ресейдің Омбы қаласының «Авангард» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Омбылық хоккей клубы биылғы құрлықтық хоккей лигасын өте сәтті бастады. Алты ойында қатарынан жеңіске жетті. Тек жетінші кездесуінде Магнитогорскінің «Металлург» командасынан 0:1 есебімен жеңілді. Ал «Барыс» бұған дейінгі алты кездесуді ала-құла өткізді. Алғашқы ойында жеңіске жеткенімен, одан кейін қатарынан үш кездесуде қарсыластарына есе жіберді. Қуаныштысы, соңғы екі кездесуде қарсыластарынан басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартып алды. Сондықтан, оларға қарсы «Барыс» қандай деңгейде ойын өткізеді деген сауал көкейімізде тұрды.

Расында, «Авангард» бұл кездесуді де өте қарқынды бастады. Мұзайдын үстінде мықтылығын дәлелдеуге тырысты. Олар өз дегеніне 3-ші минутта жетті. «Авангард» сапынан Илья Михеев мергендік танытты. Одан кейін де омбылық ойыншылар тізгінді өз қолынан шығармауға көңіл бөлді. Шабуыл шебін үдете түсті. Біздің жігіттер көп жағдайда олардың ығынан шыға алмады. «Авангард» екінші шайбаны 12-ші минутта енгізді. Омбылық Евгений Медведев осылайша есепті екі шайбаға ұлғайтты. «Авангард» бірінші кезеңдегі қарқынын бұдан кейін де тоқтатқан жоқ. Нәтижесінде 18-ші минутта «Барыс» 0:3 есебімен жеңіліп жатты. Бұл жолы «Авангард» хоккейшісі Сергей Широков мергендік танытты. 

Екінші кезеңде де омбылық ойыншылар өздерінің дегенін жасауға бар күшін салды. Қуаныштысы, бұл жолы біздің команда хоккейшілері оларға лайықты қарсылық көрсете білді. «Барыс» жігіттері оңтайлы сәтте шайба соғу жолдарын іздеді. Нәтижесінде 34-минутта Андре Петерсон бір гол соқты. Арада төрт минут өткенде Брэндон Боченски есеп айырмасын бір шайбаға қысқартты. Екінші кезең 2:3 есебімен «Авангардтың» пайдасына шешілді. 

Үшінші кезеңде «Барыс» таразы басын теңестіру жолын іздеді. Десе де, «Авангард» көп жағдайда оған мүмкіндік бермей жатты. Соған қарамастан 50-минутта Роман Старченко алыстан қақпаға шайба бағыттап, ол голға айналды. Есеп 3:3. Осылайша ойын овертаймға ұласты. Онда да жеңімпаз анықталған жоқ. Жеңімпаз буллит сериясынан анықталды. 

«Барыс» енді келесі кездесуін 22 қыркүйекте Ресейдің Уфа қаласының «Салават Юлаев» командасымен өткізеді. Одан кейін 24 қыркүйекте Мәскеудің «Динамо», 26 қыркүйекте Подольскінің «Витязь» клубтарымен шеберлік байқасады.  

Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы кездесуін «Нефтехимик» командасымен өткізіп, оларды 6:1 есебімен жеңіп қайтқан еді. 

Одан кейін «Барыс» Ресейдің Қазан қаласында «Ақ барыстан» 3:4 есебімен жеңіліп қалды. 

Ал 9 қыркүйекте Ресейдің Нижний Новгород қаласында «Торпедомен» кездесіп, олармен негізгі кезеңде 6:6 есебімен тең ойнады. Овертаймда мұзайдын иелері бір шайба соғып, жеңіс «Торпедоға» бұйырды. 

Ал 12 қыркүйекте елордада «Нефтехимик» 5:4 есебімен басым түсіп, апта бұрынғы жеңілісінің есесін қайтарып кетті. 

14 қыркүйекте «Барыс» өз мұзайдынында Нижний Новгород қаласының «Торпедосымен» кездесіп, оларды 4:1 есебімен жеңіп, қатарынан үш жеңіліс сәтсіздігін тоқтатты. 

Елордалық клуб 16 қыркүйекте Астанада «Ақ барысты» буллиттен 4:3 есебімен жеңді. 

Соңғы жаңалықтар