ҚХЛ: «Барыс» «Авангардтан» айласын асыра ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 14 наурызда елордалық «Барыс» Омбы қаласының «Авангард» (Ресей) командасымен құрлықтық хоккей лигасы плей-офф сатысындағы жартылай финалдық кезеңнің алғашқы ойынын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барыс» жарыстың бұл сатысына өз тарихында үшінші мәрте шығып отыр. Елордалық клуб 2013/2014 және 2016/2017 жылғы кезеңдерде жанкүйер қауымын осындай жоғары жетістігімен қуантқан еді. Дегенмен екеуінде де одан әріге аса алған жоқ.

2013/2014 жылғы сайыс барысында «Барыс» құрлықтық хоккей лигасының тұрақты кезеңінде жалпы командалық есепте жетінші орын алды. Нәтижесінде плей-офф кезеңіне шығып, жарыстың бұл сатысында елордалық хоккейшілер Екатеринбургтің «Автомобилист» командасын қатарынан төрт мәрте жеңді. Алдымен Астанада оларды овертаймда 3:2, 5:4 есебімен тізе бүктірсе, сырт айдында екі кездесуде де 2:1 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда біздің команда Уфаның «Салават Юлаевынан» жалпы ойындар сериясында 2:4 есебімен жеңіліп қалды. «Барыс» оларды 5:2, 2:1 есебімен жеңсе, қалған ойындарда екі мәрте 2:5, бір мәрте овертаймда, бр мәрте негізгі кезеңде 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Бұл жылы «Барысқа» Ари-Пекка Селин бапкерлік жасады.

Ал 2016/2017 жылғы кезеңде «Барыс» құрлықтық хоккей лигасының тұрақты кезеңінде жалпы командалық есепте он үшінші орын алды. Біздің командаға плей-офф сатысының ширек финалдық кезеңінде Челябінің «Трактор» командасы жолықты. Ойындар сериясы алты кездесуге созылды. Елоордалық клуб 5:2, 3:1, екі мәрте 2:1 есебімен жеңсе, аталмыш қарсыласына 1:5, 1:2 есебімен жол берді. Ойындар сериясында біздің хоккейшілер 4:2 есебімен басым түсті. Жартылай финалда Магнитогорскінің «Металлург» клубына төрт кездесуде 0:4, 4:5, 3:5, 2:3 есебімен жеңілді.

Бүгінгі қарсыласымыз - «Авангард» Ресейдегі беделді клубтардың бірі саналады. 2011/2012 жылғы кезеңде плей-офф кезеңінің финалына дейін жетті. Әзірге ол ең жоғары жетістігі ретінде бағаланып отыр. Омбылық клуб жылма-жыл плей-офф сатысына шығып келеді. Сондықтан кез келген командаға олармен шеберлік байқасу оңайға түспесі анық. «Авангард» командасының құрылғанына алдағы жылы 70 жыл толады. Құрлықтық хоккей лигасында 2008 жылдан бері бақ сынап келеді.

«Барыс» пен «Авангард» командалары бүгінгі күнге дейін 46 мәрте кездескен. Оның 31-і «Авангардтың» басымдығымен аяқталса, 15-де «Барыс» жеңіске жетті. Айта кетерлігі, соңғы алты ойыннан бері біздің команда аталмыш қарсыласын тізе бүктіре алмай келеді. Соңғы мәрте «Барыс» омбылық клубты 2017 жылдың 10 қазанында 4:3 есебімен жеңген еді. Сол сәтсіздік плей-офф кезеңінде бұзыла ма? Оны уақытында бағамдайтын боламыз.

Бұдан кейінгі кездесу де елордада 16 наурызда болады. Одан соң екі ойын 18 және 20 наурызда Балашиха қаласында өтеді. Төрт кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда командалар 22 наурызда Астанада, 24 наурызда Балашихада шеберлік байқасады. Алты ойында жеңімпаз белгілі болмаса соңғы кездесу тағы да Астанада 28 наурызда өтеді.

Айта кетерлігі, биыл «Авангард» өз айдынындағы ойындарын Мәскеу облысының Балашиха қаласында өткізіп келеді. Себебі, Омбы қаласындағы хоккей аренасы жоғары деңгейдегі ойындарды қабылдауға дайын емес. Сондықтан «Авангард» Балашиха қаласындағы хоккей аренасында уақытша пайдаланып келеді.

Бүгінгі кездесу елордада Астана уақытымен 19.30-да басталады. Кездесу «QazSport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар