ҚХЛ: «Барыс» «Авангардқа» тағы да есе жіберді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасы Шығыс конференциясында плей-офф кезеңінің жартылай финалының төртінші ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, елордалық клуб жарыстың бұл кезеңінде Омбының «Авангард» (Ресей) командасымен Шығыс конференция финалына берілетін жолдаманы сарапқа салып жатыр. Бұдан бұрын қос команда үш кездесу өткізді. Оның екеуінде «Авангард» басым түссе, біреуінде «Барыс» жеңіске жетті.

Алғашқы екі кездесу Астана қаласында өтті. Алғашқы ойында «Авангард» біздің команданы 3:1 есебімен жеңіп кетті. Одан кейін «Барыс» жігіттері 4:2 есебімен тізе бүктірді. Осылайша ойындар сериясындағы таразы басы теңесті. Үшінші кездесуде омбылық клуб 5:0 есебімен жеңіске жетіп, ойындар сериясында тағы алға шықты.

Бүгінгі кездесуде қос команданың да шабуылға көбірек көңіл бөлетіні анық еді. «Авангард» жеңсе ойындар сериясындағы жағдайын жақсартып алатын. Біздің команда басым түскен жағдайда ойындар сериясында тағы да таразы басы теңесетін.

Сол себепті екі команда бірінші кезеңде шабуылға көбірек шығуға күш салды. Десе де, қос клуб та бір-бірінің шабуылына лайықты тойтарыс беріп, қақпашыларды қапы қалдырып кете алған жоқ.

Екінші кезеңнің де ойын барысы осылайша өрбіп жатты. Жанкүйерлер өз командаларына жоғары деңгейде қолдау білдірді. «Авангард» сапынан 27-минутта Александр Яремчук мергендік танытып, өз командасын алға шығарды. Бұдан кейін олардың қатарында Виктор Стольберг айдын үстінде дөрекі қимыл көрсетті. Нәтижесінде «Барыс» бес минут бойы ойыншы басымдығына ие болды. Елордалық клуб сапынан Мэттью Фрэттин 28-минутта таразы басын теңестірді. Есеп - 1:1. Ал ойыншы саны басым болған қалған уақытта біздің жігіттерге сәттілік жетіспей жатты.

Үшінші кезеңде омбылық Максим Чудинов қатарынан қос шайба соғып, «Авангард» командасын алға шығарды. Алдымен 47-минутта алыстан біздің қақпаны дәл көздесе, 54-минутта кезекті рет қанжығасын майлады. Осылайша, бүгінгі кездесуде «Авангард» «Барыстан» 3:1 есебімен басым түсті. Ойындар сериясында да «Авангард» 3:1 есебімен алда келеді.

Айта кетейік, келесі ойын 22 наурызда «Астана» қаласында өтеді. Онда «Барыс» пен «Авангард» арасындағы жеңімпаз анықталады. Егер ол жолы «Барыс» жеңіске жетсе, 24 наурызда Мәскеу облысының Балашиха қаласында екі команда тағы бір ойын өткізеді. Ескерте кетерлігі, Омбы қаласындағы хоккей аренасы мұндай деңгейдегі ойындар өткізуге дайын емес. Сондықтан «Авангард» өз ойындарын Мәскеу облысындағы Балашиха қаласында өткізуге мәжбүр. Алты ойында жеңімпаз белгілі болмаса соңғы кездесу тағы да Астанада 28 наурызда өтеді.

Соңғы жаңалықтар