ҚХЛ: «Барыс» «Авангард» командасын жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің «Авангард» (Омбы) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Жалпы кестеде «Авангард» төртінші, «Барыс» жетінші орында тұр. Сондай-ақ, 2019 жылдың 9 желтоқсанында Омбыда өткен кездесуде елордалық клуб 3:2 есебімен жеңіп кеткен болатын. Сондықтан «Авангард» есе қайтаруға күш салатыны анық еді. Оған қоса олар соңғы алты кездесуде небәрі бір мәрте ғана қарсыластар ығына жығылды.

Десе де бүгінгі кездесуде есепті алғаш болып «Барыс» командасы ашты. Ойынның 3-минутында елордалық Егор Петухов мергендік танытса, оған 13-минутта «Авангард» хоккейшісі Роб Клинкхаммер бір голмен жауап қайырды. Тағы екі шайба екінші кезеңде соғылды. Ойынның 28-минутында «Барыс» сапынан Никита Михайлис айдын иелерін қапы қалдырса, 31-минутта омбылық хоккейші Брэндон Макмиллан таразы басын теңестірді. Ал 59-минута Никита Михайлис тағы да мергендік танытты. Осылайша «Барыс» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті. Елордалық клуб жеңіске жеткенімен турнир кестесінде жетінші орыннан жоғары көтерілген жоқ.

Бұдан бұрын «Барыс» биылғы алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды.

«Барыс» енді 8 қаңтарда Нижнекамскіде жергілікті «Нефтехимкпен» кездеседі. Одан кейін елордада 11 қаңтарда бүгінгі қарсыласы - «Авангардпен» тағы бір мәрте шеберлік байқасса, 12 қаңтарда Ресейдің «Локомотив» (Ярославль), 14 қаңтарда «Салават Юлаев» (Уфа)ғ 16 қаңтарда «Металлург» (Магнитогорск) командаларын қабылдайды.


Соңғы жаңалықтар