ҚХЛ: «Барыс» - «Авангард» кездесуін қайдан көруге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында Ресейдің «Авангард» командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда да плей-офф сатысына жолдама тағдырын шешіп қойды. Соған қарамастан ойын тартысты өтеді деуге негіз бар. Командалар турнир кестесінде қатарлас келеді. Сондай-ақ, Шығыс конференциясында бір-бірімен өкшелес тұр. Сондықтан бүгінгі кездесу қай команданың жоғары орынға ие болатынын шешеді. Десе де, «Авангард» клубы «Барыстан» алты ұпай алда. Плей-офф кезеңіне дейін сегіз тур бар екенін ескерсек, әлі де тартыс қыза түседі деуге болады.

Екі команда бүгінге дейін 54 мәрте мұз айдынына шықты. Оның 18-і «Барыстың» жеңісімен аяқталса, қалғанында «Авангардтың» мерейі үстем болды. Биыл екеуі үш мәрте кездесіп, екеуінде елордалық клуб жеңді. Ал 2020 жылдың 11 қаңтарында елордада өткен бәсекеде «Авангард» 0:3 есебімен басым түсті. Сол кеткен есені қайтара аламыз ба?

Айта кетерлігі, соңғы ойында «Авангард» Санкт-Петербург қаласының СКА клубынан овертаймда 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Ал «Барыс» елордада Ресейдің «Нефтехимик» клубынан 2:1 есебімен басым түсті.

«Барыс» пен «Авангард» кездесуі елорда уақытымен 17.00-де басталады. Ойын QazSport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар