ҚХЛ: «Барыс» «Амур» командасынан жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында Хабаровскінің «Амур» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл «Барыс» тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп келеді. Соңғы 17 кездесуде 14 мәрте жеңіске жетті. Осының нәтижесінде турнир кестесінде алтыншы орында келеді. Ал «Амур» ала-құла ойынымен жанкүйерлерді қуанта алмай жүргені белгілі. Соңғы төрт кездесудің барлығында қарсыластар ығына жығылды. Соның нәтижесінде 25 команданың арасында 23 орында тұр.

Ойын алдында «Барыс» сапынан Брэндон Боченски жарақат алып қалды. Команда капитаны енді жарақатынан бірер аптада айығады деген жорамал айтылып отыр. Сол себепті ме, бүгінгі кездесу «Барыс» үшін сәтсіз басталды. Алғашқы шайбаны айдын иелері соқты. Оны 4-минутта Андрей Петерсон өзінің еншісіне жазды. Дегенмен бұдан кейін «Амур» хоккейшілері біздің қақпаға үш шайба енгізіп, «Барысты» біраз есеңгіретін тастады. Атап айтқанда, Вячеслав Ушенин  9, Игорь Руденков 13, Александр Горшков 14-минутта қанжығасын майлады. Бұдан кейін «Барыс» қақпашы ауыстыруға мәжбүр болды. Доминик Граховинаның орнына Хенрих Карлсон шықты. «Амурға» 15-минутта Андре Петерсон 15-минутта бір голмен жауап берді. Арада тағы бір минут өткенде «Амур» есеп айырмасын екі шайбаға жеткізді. Ал 19-минутта «Барыс» ойыншысы Никита Михайлис бір голдың авторы атанды. Есеп 3:4. Осылайша «Барыс» бірінші кезеңді жеңіліспен аяқтады.

Екінші кезең де «Амур» үшін сәтсіз басталды деуге негіз бар. Ойын басталғанына бір минут өткенде Кирилл Рассказов есепті үстемелей түсті. Есеп 3:5. «Барыс» бұдан кейін шабуыл шебін күшейте түсті. Қақпаға гол соғатын бірнеше мүмкіндік болған еді. Осындай сәттердің бірінде Роман Старченко мергендік танытты. Есеп 4:5. Енді бір шайба соқса, «Барыс» командасын таразы басын теңестіретін еді. Алайда жағдай басқаша өрбіді. «Амур» тағы да есепті ұлғайта түсті. Ол 30-минутта Андрей Лазаревтің еншісіне жазылды. Бұдан кейін Доминик Граховина қайтадан айдынға шықты.

Үшінші кезең «Барыстың» басымдығы байқалды. 43-минутта айдын иелері сапынан Патрик Кормье есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Есеп 5:6. «Амур» сапынан бір хоккейші айдыннан қуылып, астаналықтар сан басымдығына ие болды. Десе де ойын соңына дейін есеп өзгерген жоқ. «Амур» 6:5 есебімен жеңіске жетті.  

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Барыс» сырт айдында үш ойын өткізіп, оның барлығында жеңіске жетті. Алдымен Минскінің «Динамо» (Беларусь) клубын 3:2 есебімен, Братиславаның «Слованын» негізгі кезеңде жеңсе, Новосібірдің «Сибирінен» овертаймда 2:1 есебімен басым түсті.

Енді «Барыс» өз айдынында екі кездесу өткізеді. Алдымен 16 қарашада Мәскеудің «Динамо» (Ресей) және 18 қарашада Уфаның «Салават Юлаев» командаларымен шеберлік байқасады. «Барыс» аталмыш екі командамен биыл бір-бірден кездесу өткізіп қайтқан еді. 22 қыркүйекте «Салават Юлаевтан» 3:7 есебімен жеңілсе, 24 қыркүйекте Мәскеудің «Динамосынан» овертаймда 3:2 есебімен басым түсті.

Фото: hcbarys.kz

Соңғы жаңалықтар