ҚХЛ: «Барыс» «Амур» командасынан ұтылып қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчын «Барыс» Хабаровскіде (Ресей) жергілікті «Амурмен» өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс конференциясында екінші орынға ие болып, Чернышев дивизионының жеңімпазы атанған астаналықтар плей-офф мәселесін әлдеқашан шешіп қойған еді. Ал «Амур» Шығыс тобында көш соңында келе жатқан командатұғын.

Бұл ойынның нәтижесі турнир кестесіне ешқандай өзгеріс енгізбейтіндіктен, «Барыс» ойыншылары үшін, ең бастысы, плей-офф қарсаңында жарақат алып қалмау маңызды еді.

Бірінші кезеңде айдын иелерінен Павел Дедунов есеп ашты. Матч барысында төрешілер қонақтарды айыпқа көбірек іліктірді.

Үшінші кезең ортасында «Амурдың» қос бірдей ойыншысы айдыннан қуылып, «Барысқа» керемет мүмкіндік туғанымен, оны елордалықтар пайдалана алмады.

Матч соңында «Барыс» қақпашысын ойыншыға ауыстырған сәтте Михал Йордан есепті 2:0-ге жеткізді.

Осылайша Андрей Скабелканың шәкірттері қарсыластар қақпасына бірде-бір гол енгізе алмады. Бұл - биылғы маусымдағы осындай екінші ойын. Бұдан бұрын елордалықтар өз айдынында Уфаның «Салават Юлаев» командасына 0:3 есебімен есе жіберген болатын.

Енді «Барыс» ҚХЛ-дың тұрақты чемпионатындағы соңғы бәсекесін Қытайда «Куньлунь Ред Стар» командасымен өткізеді. Содан кейін плей-офф ойындары басталады. Астаналықтар плей-офтағы алғашқы кездесулерін 26 және 28 ақпанда елордада өткізеді. Плей-офф сериясын өз айдынында бастау қашанда маңызды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыс» «Адмиралдан» жеңілген болатын.

Соңғы жаңалықтар