ҚХЛ: «Барыс» алғашқы кездесуінде «Торпедоны» жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы плей-офф кезеңі саналатын Гагарин кубогындағы алғашқы ойынын өткізді. Астаналық клуб жарыстың келесі сатысына берілетін жолдаманы Нижний Новгород қаласының «Торпедо» командасымен сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда бұған дейін 24 мәрте кездесті. Оның 13-і «Барыстың» басымдығымен аяқталды. Қалғанында «Торпедо» жеңіске жетті.

«Барыс» бүгінгі күнге дейін тек 2015/2016, 2017/2018 жылғы кезеңдерде шығыс конференциясында 1/8 финалдық сатысына шыға алған жоқ.

Екі команда да плей-офф кезеңінің келесі сатысына шығуды алдына мақсат етіп қойғаны анық. Сол себепті олар алғашқы кездесуден жақсы ойын өрнегін көрсетуге ұмтылатыны белгілі еді. Ойын басынан қос команда да шабуыл шебіне көбірек көңіл бөлгені байқалып тұрды. Хоккейшілер де жиі тәртіп бұзды. Алғашқы кезеңде «Барыс» сапынан 2, «Торпедодан» 3 хоккейші айдыннан қуылды.

Осындай сәттердің бірінде «Торпедо» хоккейшісі Роберт Саболич ойыншылар басымдығын пайдаланып кетті. Ол 12-минутта гол соғып, өз командасын алға шығарды. Бұл голдан кейін «Барыс» хоккейшілері алға қарай ұмтылды. Дегенмен олар өздерінің көздеген мақсатына жете алмады. Бірінші кезең «Торпедо» командасының басымдығымен аяқталды.

Екінші кезеңде «Барыс» жігіттері ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Дегенмен тәртіп жиі бұзылды. Роман Старченко мен Андре Петерссон айдыннан қуылып үлгерді. Кездесу екі команданың алма-кезек шабуылымен өрбіп жатты. Екінші кезеңнің соңғы минуттарында «Торпедо» хоккейшілерінің жүйкесі сыр берген секілді. Бірінен кейін бірі дөрекі әрекетімен көзге түсті. Олардың мұндай қимылын төрешілер де назардан тыс қалдырған жоқ. Олар екі минуттық кіші айыппен жазаланды. Артём Аляев пен Филип Хольм айдыннан қуылған сәтте «Торпедо» небәрі үш-ақ ойыншымен қалды. Бұл уақытты бес хоккейшісімен жүрген «Барыс» тиімді пайдалана алған жоқ. Ал 39-минутта Андре Петерссон таразы басын теңестірді.

Үшінші кезең де «Барыс» басымдық танытуға тырысты. Ойын басынан қарсыластар қақпасы маңын торуылдады. Нәтижесінде «Торпедо» хоккейшісі айдында ойыншылар саны басым болып кетуіне байланысты командалық айыппен жазаланды. Осы уақытта Брэндон Боченски «Торпедо» қақпасынан саңылау тауып кетті. Ал 43-минутта Мэттью Фрэттин «Барыстың» басымдығын ұлғайта түсті. Ойынның 56-минутында қорытынды есепті Брэндон Боченски белгіледі. Есеп 4:1. «Барыс» плей-офф кезеңіндегі алғашқы кездесуінде жеңіске жетті.

Естеріңізге сала кетелік, плей-офф кезеңі екі команданың бірінің төрт жеңісіне дейін жалғасады. «Барыс» пен «Торпедо» енді 28 ақпанда Астанада тағы бір мәрте шеберлік байқасады. Одан кейінгі екі ойын 2 және 4 наурызда матчтар Нижний Новгордта жалғасады. Алғашқы төрт кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда 6 наурызда Астанада, одан кейін 8 наурызда Нижний Новгородта ойындар болады. Алты кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда 10 наурызда соңғы шешуші ойын елорда төрінде өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар