ҚХЛ: «Барыс» «Ақ барыспен» тартысты ойын өткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасында екінші ойынын бүгін Ресейдің «Ақ барыс» командасына қарсы өткізді. Бұл ойында 3:4 есебімен қарсыласынан жеңілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақ барыс» Ресейдегі азулы команданың бірі саналады. Құрлықтық хоккей лигасының басты жүлдесі - Гагарин кубогын үш мәрте төбесіне көтерген. Сондықтан біздің «Барыс» үшін аталмыш командамен кездесу үлкен сынақ. Елордалық клуб әрбір ойынға тыңғылықты дайындалады. Десе де «Ақ барыспен» кездесу олар үшін шеберлік деңгейін тағы бір мәрте таразылап көру екені белгілі.

«Барыс» бүгінгі кездесуге дейін бір ойын өткізді. Сырт алаңда Ресейдің Нижнекамск қаласының «Нефтехимик» командасын 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Ал « Ақ барыс» өз алаңында болған үш ойынның екеуінде жеңіліп, біреуінде қарсыласынан басым түскен еді. 1 қыркүйекте Санкт-Петербургтің СКА клубынан 1:6 жеңіліп, одан кейін 3 қыркүйекте Беларусь астанасы - Минск қаласының «Динамосынан» 2:0 есебімен басым түсті. Ал 5 қыркүйекте Подольск қаласының «Витязь» клубына 3:5 есебімен жол берді.

Бүгінгі кездесуде «Барыс» командасы тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетті. Бірінші кезеңде қарсыластар қақпасы маңында бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Осындай ұрымтал сәттердің бірінде қарсыластар қақпасына шайба соғып та үлгерді. Оны «Барыстың» жас ойыншысы Әлихан Әсетов өзінің еншісіне жазды. Бұл кездесудің 12-минуты болатын. Бірінші кезең дәл осы есеппен аяқталды.

«Ақ барысқа» өз алаңында жеңілу ұнай қоймайтыны анық. Сондықтан екінші кезеңде таразы басын теңестіруге олар бар күшін салды. Оған біздің жігіттер де тегеурінді қарсылық көрсетті. Десе де қазандық клубтың ойыншысы Пол Постма 33-минутта шайба соғып, таразы басын теңестірді. Осыдан кейін біздің құрама біршама әлсіздік көрсетті. Небәрі бір минуттың ішінде қақпаға екі шайба соқтырып алды. Ойын барысында 38 минут 20 секунд кеткенде Андрей Марков өз командасын алға шығарса, арада небәрі 16 секунд өткенде Рафаэль Батыршин есепті 3:1-ге жеткізді.

Үшінші кезеңде «Ақ барыс» 3:1 есебін ұстап тұруға тырысты. Ал «Барыс» шабуылға көбірек көңіл бөлді. Біздің хоккейшілер 48-минутта есеп айырмасын қысқартты. Оны Кевин Даллман өзінің еншісіне жазды. Бұдан кейін «Барыс» шабуылды үдете түсті. Дегенмен ол мүмкіндіктерін мүлт жіберіп жатты. Бірнеше мәрте «Ақ барыс» ойыншылары мұзайдыннан қуылып, сан басымдығына да ие болып жатты. Кездесу аяқталарға 2-минут қалғанда біздің команда алты ойыншымен ойнауға шешім қабылдады. Дегенмен «Ақ барыс» біздің бір қателікті шебер пайдаланып бос қақпаға шайба соғып кетті. Оны Алексей Потапов соқты. Оған «Барыс» жігіттерінің сағы сынған жоқ. Араға минут салмастан барыстық Даррен Диц есеп айырмасын қысқартты. Есеп 3:4. Ойын осылайша аяқталды.

Енді «Барыс» тағы бір ойынын сырт алаңда өткізеді. 9 қыркүйекте Ресейдің Нижний Новгород қаласында «Торпедо» клубымен шеберлік байқасады. Ал өз мұз айдынындағы алғашқы кездесуін бүгінгі қарсыласы - «Нефтехимик» командасымен 12 қыркүйекте өткізеді. Одан кейін өз алаңында 14 қыркүйекте Нижний Новгород қаласының «Торпедо», 16 қыркүйекте бүгінгі қарсыласы - «Ақ барыспен» кездессе, 18 қыркүйекте Омбының «Авангард» командасын қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар