ҚХЛ: «Барыс» «Ак Барс» командасына есе жіберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ак Барс» командасы - елордалық клубқа қолайсыз қарсыластың бірі. Бүгінгі күнге дейін екі команда 35 мәрте кездесті. Оның ішінде 6 ойында ғана «Барыс» жеңіске жетсе, қалғанында «Ак Барс» клубының мерейі үстем болды. Соңғы рет елордалық клуб өз айдынында 2018 жылдың 16 қыркүйегінде буллиттен 4:3 есебімен жеңген болатын.

Бүгінгі кездесуде қазандық клуб сауатты ойнай білді. Есеп 3-минутта ашылды. Оны «Ак Барс» хоккейшісі Станислав Галиев орындады. Ал 6-минутта қазандық хоккейші Артём Галимов есепті ұлғайта түсті. Ал 8-минутта «Ак Барс» сапынан Никита Дыняк шайба соғып кетті. Ал 42-минутта Артём Галимов тағы бір мәрте мергендік танытты. Осылайша «Ак Барстың» басымдығымен таблодағы көрсеткіш 4:0-ге жетті.

Бұдан кейін «Барыс» командасы шабуылға көбірек көңіл бөлді. Қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде 46-минутта Атте Октамаа есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Дегенмен ресейлік клуб тағы да гол соғып кетті. Ол 54-минутта Станислав Галиевтің еншісіне жазылды. Кездесуде «Барыс» қарсыласынан 1:5 есебімен жеңіліп қалды.

Енді «Барыс» 24 қарашада Ресейдің «Амур» (Хабаровск) командасын қабылдайды. Одан кейін сырт айдында 26 қарашада Ресейдің «Металлург» (Магнитоорск), 28 қарашада «Автомобилист» (Екатеринбург) командаларымен шеберлік байқасады.

Бұдан бұрын 19 қарашада «Барыс» елордада «Автомобилист» командасынан басым түскен еді.

Соңғы жаңалықтар