ҚХЛ: «Барыс» «Адмиралдан» тағы да жеңілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында елордалық «Барыс» командасы Владивостокта жергілікті «Адмирал» клубымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, екі команда бұдан бұрын 3 қыркүйекте елордада өзара кездесті. Бұл ойында «Адмирал» 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

Сондықтан бүгінгі ойында «Барыс» жақсы ойын өрнегін көрсетеді деген үміт болды. Кездесу тартысты өрбіді. Десе де, айдын иелеріне сәттілік көбірек жолдас болды.
Алғашқы кезеңде «Адмирал» 1-минутта есеп ашты. Оны айдын иелері сапынан Денис Вихарев орындады. Бұдан кейін қос команда тарапынан есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді. Оның ешбірі қақпадан табыла қойған жоқ.
Екінші кезеңде қос команда тарапынан шабуыл көбірек жасалды. Десе де, ешбір хоккейші мергендігімен көзге түсе алған жоқ.
Үшінші кезеңде «Барыс» хоккейшісі Никита Михайлис шайба соққан еді. Төрешілер ол шайба ережеге сай соғылған жоқ деп санады. Сондықтан есеп өзгерген жоқ. Есесіне «Адмирал» қатарынан Константин Глазычев 44 және 59-минуттарда мергендігімен көзге түсті.
Енді «Барыс» 17 қыркүйекте Алматы қаласында Ресейдің «Спартак», 20 қыркүйекте Челябінің «Трактор» командаларын қабылдайды.


Соңғы жаңалықтар