ҚХЛ: «Барыс» 16-шы жеңісіне қол жеткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасында сырт айдында тағы бір ойын өткізді. Бұл жолы Словакияның «Слован» командасымен шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда бұдан бұрын елордада кездесті. 7 қазанда болған сол бәсекеде «Барыс» 3:0 есебімен басым түскен еді.

«Слованның» турнир кестесіндегі жағдайы мәз емес. Жалпы турнир кестесінде 25 команданың арасында 20 орында келеді. «Барыс» 35 ұпаймен сегізінші орында тұр.

Айдын иелері бір ай бұрынғы жеңілістің есесін қайтаруға күш салды. Алғашқы голды да словак хоккейшілері салды. «Слован» қатарынан Рудольф Червены 20 минутта мергендік танытты. Оған Михал Ржелик әдемі пас шығарып берді. Осылайша ойынның екінші кезеңі тартысты басталды. Көп ұзамай «Барыс» таразы басын теңестірді. Бұл гол 26 минутта Никита Михайлистің еншісіне жазылды. Оған Андре Петерсон мен Даррен Диц гол соғуға мүмкіндік жасады. Ал 30-минутта «Барыс» хоккейшісі Дмитрий Гренц өз командасын алға шығарды. Ойын соңына дейін осы есеп өзгерген жоқ. Есеп 2:1. «Барыс» осылайша биылғы құрлықтық хоккей лигасындағы 16-шы жеңісіне қол жеткізді.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Барыс» өз айдынында Минскінің «Динамо» командасын 3:1, Подольскінің «Витязін» 3:1, Новосібірдің «Сибирь» клубын 5:2 есебімен жеңді.

Осыдан кейін Челябінің «Тракторынан» овертаймда 3:4 есебімен жеңіліп қалды. Ал 3 қарашада олар сырт айдында Минскінің «Динамо» (Беларусь) командасын 3:2 есебімен жеңіп кетті.

«Барыс» енді бір ойынды сырт айдында өткізіп, 12 қарашада Новосібірдің «Сибирь» (Ресей) клубымен кездеседі. Одан кейін үш ойынды қатарынан өз айдынында қабылдап, 14 қарашада «Амур» (Хабаровск), 16 қарашада «Динамо» (Мәскеу), 18 қарашада «Салават Юлаев» (Уфа) командаларымен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар