КХДР ресейлік балық аулау кемесін ұстады

None
None
ВЛАДИВОСТОК. ТАСС-ҚазАқпарат – Ресей Федерациясының дипломаттары өткен аптада Корей Халық Демократиялық Республикасында ұсталған ресейлік кемеге қатысты мәселені шешумен айналысуда. Олар экипаж мүшелерімен кездесті, деп хабарлады ТАСС агенттігіне Владивостоктағы Ресей СІМ өкілі.

«Дәл сол күні (18 шілдеде) елшілікке хабарланды, дипломаттар әуел бастан мәселені шешу үшін күш салуда. Білуімше, олар кеме экипажымен кездескен», - деді СІМ өкілі.

СІМ өкілінің ақпаратына сәйкес, кемені Корей Халық Демократиялық Республикасының шекара қызметі ұстаған. Онда экипаждың 17 мүшесі бар, екеуі – Оңтүстік Кореяның азаматтары.

Бұған дейін БАҚ-та ресейлік «Сянхайлинь-8» сейнері ұсталғаны хабарланған еді. Ол «Солтүстік-шығыс балық аулау компаниясы» ЖШҚ-ға тиесілі.

«Сянхайлинь-8» балық аулау кемесі Ресейдің туы астында жұмыс істейді. 2015 жылы шығарылған. Кеменің дедвейті 180 тоннаны құрайды, ұзындығы – 37,86 метр, ал ені – 7,6 метр. «Солтүстік-шығыс балық аулау компаниясы» Сахалинде тіркелген. Негізгі айналысатын кәсібі – балық аулау.


Соңғы жаңалықтар