ҚХА Жолдау міндеттерін орындау үшін бірігуге шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы Ассамблеясы Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру бойынша ел азаматтарына үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұйым Жолдаудың халық пен елдің ең маңызды, өзекті және көкейкесті мәселелеріне жауап бергенін атап өтті.

«Қазақстанның барлық азаматтары осы Жолдауды әлемдік нарықтағы экономикалық күйзелістен, ауыр пандемиядан және әлеуметтік-экономикалық мәселелерден кейінгі дамудың маңызды сұрақтарына жауап табуға үміттеніп күткенін айту қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент Қ.К.Тоқаевтың Жолдауы осы сұрақтарға барынша толыққанды жауап берді деп санайды. Жолдауда халықтың әл-ауқатына, әрбір қазақстандықтың әлеуметтік көңіл-күйіне ықпал ететін барлық негізгі салалар қамтылған. Экономикалық және әлеуметтік, мемлекеттік басқару және қаржы салаларында елдің дамуын тежейтін мәселелердің барлық нақты себептері көрсетілген», - деп жазылған үндеуде.

Мемлекеттік басқаруды реформалау, елдің экономикалық дамуының жаңа бағыты, шағын және орта бизнесті қолдау, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейту, білім беру мен медицинаны қолдау, тұрғын үй құрылысын ынталандырудың жаңа тетіктері, құқық қорғау жүйесін реформалау – мұның барлығы елдегі әрбір азаматқа қатысты.

«Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын әлеуметтік әділеттілік, тиімділік және бәсекеге қабілеттілік басымдықтарына негізделген сапалы жаңа вектор мен дамудың жаңа қағидаттарына шығару жөніндегі іс-қимылдың біртұтас стратегиясын белгіледі. Жолдау Қазақстанның тыныс-тіршілігінің негізгі салаларын реформалаудың барлық басты бағыттары бойынша нақты айқын тапсырмаларды қамтиды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Жолдаудың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты және гүлденген Қазақстанды құруға бағытталған дәйекті саяси бағытын терең объективті түрде бейнелейтінін жауапкершілікпен мәлімдейді», - дейді ҚХА.

Жолдауды іске асыру тек мемлекеттің ғана емес, азаматтық қоғамның барлық институттарының, үкіметтік емес ұйымдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің белсенді және кәсіби қатысуын талап етеді.

Осындай жауапты сәтте халықтың бірлігі мен келісімін нығайту, елдің болашағы үшін әр адамның жауапкершілігін арттыру қажет.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы, біртұтас елдің барша азаматтары Мемлекет басшысының жаңа Жолдауының міндеттерін толық қолдайды. Біз бұл Жолдаудың бүкіл халық үшін қуатты жұмылдырушы бастама болатынына терең сенімдіміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі Жолдаудың міндеттерін іске асыру Қазақстанның дамуындағы ауқымды серпіліс жасау мүмкіндігіне айналатынына нық сенім білдіреді. Жолдауды орындау – Отанымыздың әрбір патриотының азаматтық борышы, жауапкершілігі мен абыройы. Біз ел халқын тұрақты өркендеген Қазақстанды құру жолында Мемлекет Басшысы Жолдауының міндеттерін орындау үшін бірігуге шақырамыз», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы.


Соңғы жаңалықтар