ҚХА шағын және орта бизнесті дамытуға күш салады - Жансейіт Түймебаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаев ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы атқарған жұмыстарды баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде оның құрамында 200-ден астам кәсіпорын мен бизнес-бірлестіктер бар. Қазақстанның барлық өңірінде қауымдастық өкілдіктері ашылған.

«Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына қойған міндеттердің бірі - кәсіпкерлікті дамыту болатын. Биыл 29 сәуірде өткен XXVII сессияда Елбасы Ассамблеяның кәсіпкерлер қауымдастығының қызметін жаңа деңгейге шығаруды, оның құрамын бизнес-қауымдастықтың үздік өкілдерімен толықтыруды тапсырды. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында қауымдастықтың барлық жұмысын үйлестіріп, кәсіпкерлермен кері байланысты қамтамасыз ететін бірыңғай фронт-офис ашылды. Бизнесті қолдау үшін виртуалды алаң форматында бизнес-инкубатор мен кооперация және импорттың орнын басу орталығы жұмыс істейді», - деп атап өтті Жансейіт Түймебаев елордада өткен «Целлюлоза-қағаз өнеркәсібі мен қаптама индустриясын дамыту» форумында.

Оның айтуынша, 2016 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы импорт көлемі 7 триллион 342 миллиард теңгені немесе сұраныстың 62% құраған. Бұл үлкен нарықты қазақстандық өндірушілер, әсіресе жастар иемденуі тиіс.

«Өткен жылы белсенді жастардың атсалысуымен жастар стартаптары мен бизнес-идеяларын іріктейтін сарапшылық кеңес құрылды. Қауымдастықтың жас кәсіпкерлер кеңесі жұмыс істеді. Елорданың №83 мектеп-гимназиясында балаларға білім беретін технопарк ашылды. Қауымдастық алаңында тұрақты түрде старт-ап авторларымен, инвесторлармен кездесу өтеді. Инновацияларды дамыту мен агросекторға жаңа технологияларды енгізу мақсатында Ғылыми-инновациялық орталық ашылды. Сонымен бірге, АӨК саласында жаңа форматтағы мамандарды әзірлеу үшін, жаңа менеджерлерді даярлау үшін оқыту орталығын ашу жоспарланған», - дейді ол.

ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығының көмегімен «Орман құрылыс» консорциумы, «ZHASAMPAZ» отандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің ұйымы, «Жаңа ауыл» салааралық консорциумы құрылған.

«Дегенмен, жұмысымыздың басты бағыты - қарапайым заттар экономикасы мен жұмыс орындарын құру болып қала береді. Бұл - еліміздің әлеуметтік бақуаттылығының негізгі күші - шағын және орта бизнес саласы. Одан бөлек, кәсіпкерлер мен этномәдени бірлестіктер тарихи отандарындағы технологиялар мен инвестициялар трансфертін дамытуға бағытталады. Осының арқасында, ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа орталығына айналды. Қазіргі уақытта қауымдастыққа жаңа қатысушыларды қосу жұмыстары белсенді жүріп жатыр», - дейді Жансейіт Түймебаев.

Соңғы жаңалықтар