ҚХА мүшелері кезектен тыс сайлауға қатысты үндеу жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері 9 маусымда өтетін кезектен тыс сайлауға қатысты үндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ассамблея мүшелерінің үндеуі бүгін елордада ҚХА Төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста жарияланды. Жиынға ҚХА мүшелерімен бірге, республикалық және өңірлердегі этномәдени бірлестіктер төрағалары, қоғамдық келісім, аналар кеңестерінің, ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшелері қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады. Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, қоғамдық келісім, аналар кеңестері, ғылыми-сараптамалық кеңес, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым, журналистер клубтары мен Ассамблея бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бұл шешімді толығымен қолдаймыз. Бұл - дер кезінде жасалған және қажетті қадам. Мұны уақыттың өзі талап етіп отыр», - дейді Ассамблея мүшелері.

ҚХА Қазақстандағы жоғарғы билік елдің Ата заңына толық сәйкес жағдайда және бейбіт жолмен ауысқанын еске салды.

«Сайлауды халықтың тікелей еркін білдіру арқылы өткізу кез келген түсініксіз жайларды болдырмауға мүмкіндік береді. Бүгінде елде экономиканы дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу, халықтың табысы мен өмір сапасын ұдайы арттыруды қамтамасыз ету бойынша ауқымды бағдарламалар іске асырылуда. Барша қазақстандықтардың бақуатты өмірі солардың тиімді және сапалы орындалуына тікелей байланысты. Біздің бәрімізге қоғамның тұрақтылығы мен бірлігі, ертеңгі күнге деген сенім, жұмыс орындары, әлеуметтік төлемдердің, еңбекақының, шәкіртақының кепілді түрде төленгені қажет», - дейді Ассамблея мүшелері үндеуде.

ҚХА қол жеткен жетістіктерді қазіргі күрделі жаһандық процестер жағдайында сақтау және көбейту Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығы, жүргізіліп отырған теңгерімді ішкі және сыртқы саясатты жалғастыру жағдайында ғана мүмкін екенін нақты түсінетінін жеткізді.

«Мемлекет пен қоғамның табысты дамуын, тиімді мемлекеттік басқаруды, қауіпсіздік пен тұрақтылықты Қазақстан Республикасының Президенті - ел Конституциясының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі қамтамасыз етуі керек. Кезектен тыс президенттік сайлау халықты топтастыру жолындағы патриоттық акт болып, экономиканы тұрақтандыруға, елдің қарқынды дамуы мен азаматтарымыздың игілігінің түйінді мәселелерін шешу үшін қажетті азаматтық татулықты, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге қуатты серпін береді. Қазақстан халқы Ассамблеясы президент сайлауының еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайтуға қызмет ететініне сенімді», - дейді ҚХА мүшелері.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл туралы республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына жолдаған үндеуінің толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар