ҚХА мемлекеттік қызметшілерге арналған семинар-тренинг өткізеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Қоғамдық сананы жаңғырту: білім беру, гуманитарлық, әлеуметтік-мәдени негіздері мен жүзеге асыру тетіктері» атты үшкүндік республикалық семинар-тренинг басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттер мен қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру технологиялары бойынша мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білімі мен біліктілік деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған.

Республикалық семинар-тренингте ҚХА хатшылығының, ҚР Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Дін істері және азаматтық қоғам министрліктерінің, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының өкілдері мен Мемлекеттік басқару академиясының профессор-оқытушылар құрамы тыңдаушыларға дәріс оқып, тренингтер мен пікір алмасулар өткізеді.

«Бүгінгі шараның негізгі үш мақсаты - мемлекеттік саясатты насихаттау және оның өңірлерге жету жолдарын талқылау, аймақтардан келген өкілдермен пікір алмасу және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін көтеру болатын. Осыған сәйкес, арнайы бағдарлама құрылып, орталық пен өңірлердегі білім, ғылым, әлеуметтік қызмет, мәдениет, спорт, дін секілді түрлі салада жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерді жинадық.  Тыңдаушылар алдында практиктер де, ғалымдар да дәріс оқиды. Жетекші ғылыми институттардан да мамандарды шақырып отырмыз. Олар латын графикасына көшу мен тарих саласындағы зерттеу жұмыстарының қалай жүріп жатқаны туралы толық әңгімелейтін болады», - дейді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды реттеу орталығының жетекшісі, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы Айгүл Сәдуақасова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинарға барлық облыстардан, Астана және Алматы қалаларынан, жергілікті басқару мемлекеттік органдарынан және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды. Олар Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушылары ретінде қабылданады және үшкүндік бағдарламаны меңгерген соң, арнайы сертификатқа ие болады.

Соңғы жаңалықтар