ҚХА қостанайлықтарға 18 млн теңгеден астам қаражат жинады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге 18 млн теңгеден астам қаржы және 110 тонна гуманитарлық көмек жинады. Бұл туралы ҚХА төрағасының орынбасары Тауфик Каримов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай облысындағы өрт көптеген адамның өмірі мен әл-ауқатына қауіп төндірді. Ауқымды түрде материалдық және экономикалық залал келді. Мемлекет басшысы кеше жұмыс сапарымен Қостанай облысында болғанын білесіздер. Президент сапар барысында Әулиекөл ауданындағы табиғи өртті жою жұмысының барысын бақылады», - деді Тауфик Каримов бүгін ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Оның айтуынша, аталған өңірдегі төтенше жағдайға байланысты ел өңіріндегі «Достық» үйлерінде жедел түрде гуманитарлық көмек ұйымдастырылды.

«Бұл жұмыстан ешкім тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта жиналған қаражаттың жалпы сомасы 18 млн 113 мың теңгені құрады. Сондай-ақ 110 тонна болатын гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктері жөнелтілді. Қаражат жинау жалғасып жатыр», - дейді ол.

Сондай-ақ ҚХА төрағасының орынбасары Қостанай облысында волонтерлік және қайырымдылық жұмысының үйлестіріліп жатқаны туралы айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысы өтті. Шара барысында Ассамблея мүшелері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басты жайттарды ортаға салды.






Фото: assembly.kz


Соңғы жаңалықтар