ҚХА этномәдени бірлестіктері Арыс тұрғындарына көмек көрсетіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктері жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындарына көмектесуге жұмыла кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің көрсеткен гуманитарлық көмегі біршама ауқымды. Нақтырақ айтсақ, 24 маусымда Арыс қаласындағы төтенше жағдайларға байланысты Шымкент қаласының этномәдени бірлестіктері алғашқылардың бірі болып көмекке кіріскен. Атап айтқанда, славян этномәдени орталығы тұрғындарды эвакуациялау үшін 5 автобус пен 2 жүк көлігін жіберсе, корей этномәдени бірлестігі түске дейін бір газель ішетін су, түстен кейін 1 литрлік 3600 су толы бөтелке жіберген. Өзбек этномәдени бірлестігі 30 адамды уақытша баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, 150 адамға палау дайындады. Хамза атындағы 53-ші мектепті азық-түлікпен қамтамасыз етті. Бірлестік төрағасы Зиябиддин Мирзаев 26 адамды үйіне қондырды.

Ұйғыр этномәдени бірлестігі Нұрсат шағын ауданына эвакуацияланған азаматтарға 1000 гамбургер апарған. Түрік этномәдени бірлестігі болса таңертең бір КАМАЗ су пен тамақ жөнелтіп, 52-ші мектепте орналастырылған халықты тамақтандырған. 56-шы және 87-ші мектептегі халыққа көмек көрсеткен. Штабқа 30 қорап қияр апарып берген.

Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі штабқа біршама азық-түлік алып келсе, ҚХА облыстық кеңестің мүшесі Ә.Досболов 53-ші мектептегі арыстық тұрғындарға 100-та қорап жұмыртқа жеткізген.

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы халықты эвакуациялау үшін автобус жөнелтсе, Төле би аудандық филиалының жастары сағат түнгі он екіде ассамблеяның жастары 200 қорап нанды орталық мешітке жолдады.

Ал 25 маусымда зардап шеккен арыстықтарға шешен-ингуш орталығы сабын, порошок, тіс пасталарын, щетка апарып берді. Иран, тәжік этномәдени орталықтары да осыған ұқсас көмек көрсетті.

Осылайша, 25 маусымда этномәдени бірлестіктер көмек көрсететін мектептерді бөліп алған:

«Дустлик» өзбек қауымдастығы 61,53,54-ші мектептердегі халыққа (600 адам) көмек көрсетеді. Осы мектептерде бірлестік мүшелері қарттарға арналған 200 орын мен балаларға арналған 200 орын дайындап қойды.

Түрік этномәдени бірлестігі 207 адам көшірілген 56 және 87-ші мектептердегі халыққа көмектеседі.

Ұйғыр орталығы 227 адам эвакуацияланған 26-шы мектепті өз міндетіне алды.

Гүржі этномәдени бірлестігі 1-ші мектеп-интернатын қамтамасыз етеді (207 адам).

Әзербайжан орталығы 50 адам эвакуацияланған 60-шы мектепке жағдай жасайды.

Күрд облыстық этномәдени бірлестігі эвакуацияланған отбасылар үшін екі бөлмелі үй дайындап, тамақтануын да міндетіне алды.

Қазақстандағы Өзбекстан елшілігі мың адамға қайырымдылық түскі асын дайындады.

Облыстардан да көмек қолын созу туралы қолдаулар келіп жатыр. Олардың барлығы кеше «Арыс, бір біргеміз» акциясы аясында ашылған шотқа ақшаларын аудара алады.

Еске сала кетсек, Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде кеше «Арыс, біз біргеміз» акциясы басталды. Акция аясында Мәдениет және спорт министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері бір күндік жалақысын аудармақ. Осы бастамаға депутаттар да қосылған.

Акция аясында Түркістан облысы Арыс қаласындағы оқиғадан зардап шеккендерге жәрдем беру үшін Облыс әкімшілігінің жанынан ашылған «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына хабарласуыңызға болады.

«Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры реквизиттері

Түркістан облысы

Түркістан қаласы, Кызылорда тас жолы , 34 А ғимараты,

Пошта индексі 161200

БСН (БИН) 100440016000

«ForteBank» АҚ Түркістан қаласындағы филиалы

ЖСК (ИИК) KZ7196528F0007014540

БСК (БИК) IRTYKZKA

Айта кетерлігі, «Арыс, біз біргеміз» акциясы аясында кеше Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері жарылыс болған Арыс қаласының тұрғындарына азық-түлік жинап, қонатын орын дайындаған болатын.

Соңғы жаңалықтар