ҚХА: Елбасы Жолдауы еліміздің басты саяси даму құжаты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасында Елбасының қазан айындағы Жолдауы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыс жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, университеттің ҚХА кафедрасының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ мектеп оқушылары қатысты.

Шара барысында Жолдаудың 12 басымдығына екпін берілді. Олардың арасында бюджет қызметкерлерінің жалақысын 1,5 есеге көтеру, педагог мәртебесін арттыру мәселелері бар.

«Елбасы өз қызметінде халыққа барлығы 21 Жолдау арнады. Оның 16-на жеке өз басым Парламент Сенатының депутаты ретінде тікелей қатыстым. Биылғы Жолдау ерекше форматта өтті. Жолдаудың басты ерекшелігі - халықтың әл-ауқатына тереңінен мән берілуі. Одан бөлек, Мемлекет басшысы түрлі салалардағы бар проблемаларды ашып айтып берді. Президент елдің экономикасы тікелей адам капиталымен өлшенетінін үнемі айтады. Кезекті Жолдау бұның дәлелі. Көріп отырғандарыңыздай, басты мәселе - халықтың әл-ауқатын арттыру, оның ішінде бәрін толғандыратын - жалақы мәселесі бар. Осы тұрғыда Жолдау - ол еліміздің басты саяси даму құжаты», - деді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков.

А.Башмаковтың айтуынша, Елбасының дәстүрге айналған Жолдауларының жалпы үш негізгі компоненті бар, алдымен - жүйелі болуы, екіншіден - ел дамуына арналуы, үшіншіден - тұрақтылық пен бақылауда ұстау.

«Мемлекет басшысының Жолдауы халық тарапынан жылы қабылданды деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде сабақтастықтың белгісі. Өзім білім саласында қызмет атқаратын болғандықтан менің көңіліме қонғаны - білім беру саласындағы ірі өзгертулер, атап айтқанда, педагогтың мәртебесін көтеру. Тағы бір айтарым, Жолдауды жүзеге асыру басталып кетті. Кешеден бастап елімізде кәсіби техникалық білім берудің тегін жүйесі енгізілді. Бұл істі Қазақстанда 300-ден астам колледж жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар ЖОО-ның бәсекеге қабілетті болуы мен өз түлектерін жұмыспен қамтамасыз етуін жіті қадағалауы - бұл университеттің білім беру сапасын айқындайтын көрсеткіш», - деді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі Нұрбек Шаяхметов.

Еске сала кетейік, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы тікелей Елбасының ұйытқы болуымен 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 

Соңғы жаңалықтар