ҚХА Астананың Нұр-Сұлтан аталуына қатысты үндеу жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы Астана қаласының Нұр-Сұлтан аталуына қатысты үндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері - этномәдени бірлестіктердің, Ғылыми-сарапшылық кеңесінің, ҚХА кафедралары қауымдастығының, Қоғамдық келісім кеңестерінің, Аналар кеңестерінің, Ассамблеяның журналистер мен сарапшылар клубының, Медиаторлар кеңестерінің, Кәсіпкерлер қауымдастығының, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының, Ассамблеяның қоғамдық ұйымдары мен мекемелерінің өкілдері, Астананың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілуін тұтастай және толығымен қолдаймыз», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев ҚХА-да өткен жиын барысында.

Оның айтуынша, Астанаға Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімін беру Елбасының тәуелсіз Қазақстанды құрудағы аса зор еңбегін мойындап, бағалау болып табылады.

«Қазақстан астанасын көшіру Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық жобасы және ел тарихының жаңа бетін ашқан бастамасы екендігін ерекше атап көрсетеміз. Осы қадамның арқасында Қазақстан қиын-қыстау уақытта өтпелі кезеңнің қиындықтарын сәтті еңсерген даму серпініне ие болды. Бүгінде, Елбасы ел дамуының жаңа кезеңін ашқан кезде, Астанаға Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімінің берілуі бүкіл әлемге Қазақстанның егемен, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі дамуында Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытының өзгермейтіндігі әрі сабақтастығының белгісі болып табылады», - деді ол.

Үндеуді оқып берген Жансейіт Түймебаев Қазақстан өзінің ел дамуындағы конституциялық қағидаттар - қоғамдық келісім мен саяси орнықтылықтың, ұлысаралық және конфессияаралық татулықтың, қазақстандық патриотизмнің мызғымайтындығына нық бейілділікті танытатынын айтады.

«Саяси көшбасшылығы мен бұлжымайтын ерік-жігерінің арқасында Елбасы еларалық қатынастарда биік адамгершілік стандарттарды орнықтырды, еліміздің көпвекторлы бейбітсүйгіш сыртқы саясатын дамытуға қосқан үлесі, ядролық қарусыздану жөніндегі дәйекті күш-жігері, халықаралық аренада сенім мен өзара іс-қимыл атмосферасын қалыптастырғаны үшін халықаралық қауымдастықтың терең құрметі мен ризашылығына ие болды», - дейді Жансейіт Түймебаев.

Оның атап өтуінше, Ұлы Дала елінің бұдан кейінгі ұрпақтарының барлығы үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген тарихи еңбегі халыққа шексіз беріле қызмет етудің және Азаттық пен Тәуелсіздік идеяларына адалдықтың үлгісі болуы керек.

«Астананың Тұңғыш Президент есімімен аталуы - біздің азаматтық парызымыз және Қазақстан халқының алдындағы еңбегі үшін Елбасыға шынайы ризашылығымыз. Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан біздің Қазақстан экономикалық тұрғыдан қуатты және өркендеген ел болуы, ал оның азаматтары баршылықта, татулық пен келісімде өмір сүруі үшін болашақ ұрпақтар алдындағы жауапкершілігімізді білдіреді. Біз Қазақстан тарихында Нұр-Сұлтан есімі «Мәңгілік Ел» ұғымымен, жалпыұлттық тарихи санамен, жоғары рухани құндылықтардың ортақтығымен ажырағысыз байланыста қалатынына нық сенімдеміз», - дейді Жансейіт Түймебаев.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары отандастарын «бір халық, бір ел, бір тағдыр» қағидаттары негізінде шоғырлануға шақырды.

«Астанамыз Нұр-Сұлтан қасиетті қазақ жеріндегі бірліктің, татулық пен өркендеудің символына айналуы үшін біз қолымыздан келгеннің бәрін де істеуіміз керек!», - деп түйді ол.

Соңғы жаңалықтар