ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы «Қазақстан халқына қоры» арқылы шетелдік білікті дәрігерлерді шақыруды ұсынды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халқы ассамеблясының республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи «Қазақстан халқына қоры» арқылы науқас балаларды емдеу бастамасы бойынша ұсыныс айтты, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, Президент сұхбатының ең бір жақсы жағы – ел ішінде жүрген сұрақтарға тіке жауап берілді. Бізге өзі ең керегі де сол. Тіке сұраққа билік орындарындағы адамдардың тікелей жауап бергені қажет. Бұл қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді арттырудың көпірі деп есептеймін», - дейді Аналар кеңесінің жетекшісі.

Сондай-ақ, ол «Қазақстан халқына» қорының қаражатын әлеуметтік бағытқа жұмсау бойынша өз ұсынысын айтты.

«Әзірге қордың атқаратын шаралары мен мақсаты әлі нақтыланып жатыр. Оның жұрт сұранысын, мұқтаждығын ескере отырып реттелетініне сенімдімін. Әзірге көп айтылып жатқан мәселенің бірі – елдегі салмақты сырқаты бар балаларға көмектесу. Осы мәселе бойынша Қазақстанның азаматы ретінде өз пікірімді қосқым келеді», - дейді Нәзипа Шанаи.

Айуынша, «Асыл бала» деген ұйымның жақсы тәжірибесі бар. «Қазақстан халқына қоры» арқылы емделетін балаларға сол тәжірибе бойынша қолдау көрсетсе, мемлекетке де, ата-анаға да тиімді болмақ.

«Әр баланы жеке-жеке шетелге барып емдетудің шығыны көп. Ата-анасы жұмысын ысырып қойып, сапарлауы керек. Қаражаттан бөлек осындай да қиындықтары бар. Ал диагнозы бір балаларды жинап, оларға ота жасау үшін білікті шетелдің маманын елге алдыру, меніңше, тиімді. Оның екі жағы бар. Бір жағынан, бір жолда бірнеше баланы емдетіп алуға болады. Екінші жағынан, біздің дәрігерлер сол шетелдің маманы келгенін пайдаланып, семинар өткізіп, тәжірибе алмасады. Сондықтан қордың жұмысына осындай ұсыныс айтқым келеді. Қандай да бір бағытқа қаржы бөліп жатқан кезде оның тиімділігіне, өмір сапасын арттыруға нақты қандай әсері болатыны басты назарда болса екен деп ойлаймын», - деді ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы.


Соңғы жаңалықтар