ҚХА 10 млн теңгенің құрылыс материалдары тиелген 10 жүк көлігін арысқа жөнелтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Арыс қаласының тұрғындарына көмек беру шараларын жүйелі жалғастырып келеді, деп хабарлайды Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми сайты.

Ондағы мәліметтерге қарағанда, бүгін, 12 шілдеде Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Достық» қауымдастығы құрылыс материалдары тиелген 10 жүк көлігін Шымкенттен Арыс қаласына көмек ретінде жөнелтті. Құны 10 млн теңге болатын материалдар бүгін апат болған аймақтағы Шымкент қаласына бекітілген №10 секторға жеткізіледі.

«Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері апат болған алғашқы сәттен бастап арыстықтарға қолдан келген көмегінің бәрін көрсетті. Этномәдени бірлестіктердің бірі қаржылай, бірі заттай жылу жинауға үлес қосты. Қазақстандықтардың ауызбірлігі қандай қиындыққа да қарсы тұруға болатынын танытты. Ел екенімізді, біріксек бізден қуатты күш, бізден мейірімді қауым болмайтынын дәлелдеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы елдігіміз сынға түскен қиын кезеңде жалпы сомасы 90 млн теңгенің көмегін көрсетті», - деді Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Достық» қауымдастығының төрағасы төрағасы Икрам Хашимжанов.

Айта кету керек ассамблея мүшелерінің қайырым-көмегі мұнымен толастамайды. Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарына қол ұшын беріп, қаржылай және материалдық көмек көрсету шаралары одан әрі жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар