Кезекші сыныпта оқитын бала масканы өзі алып келуі тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қашықтан білім алатын балалар үшін сабақ ұзақтығы - 30 минутқа дейін. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кезекші сыныптарды ата-аналардың өтініші негізінде жасақтаймыз. Ал мектептер кезекші сынып форматында жұмыс істейтін педагогтар құрамын дербес қалыптастырады. Дегенмен, жас ерекшеліктеріне, созылмалы ауруларға байланысты дәстүрлі форматта жұмыс істейтін мұғалімдерге шектеулер бар. Бұған қоса, педагогтар өз қалауы бойынша оффлайн немесе онлайн режимде жұмыс істей алады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, кезекші сыныптарда 15 баладан ғана білім алса, онлайн оқу барысында қолданылатын платформалар 20-30 баланың бір мезгілде сабақ өтуіне мүмкіндік бере алады.

«Егер мектепте штаттық режимде өтетін сабақтардың ұзақтығы 40 минутқа созылса, онлайн режимдегі сабақтар 15-тен 30 минутқа дейін болады. Өйткені, балаларға онлайн режимде сабақ өту өте қиын. Сол себепті әдестемелік ұсыныста сабақтардың осындай ұзақтығы айқындалған», - деді Шолпан Қадырова.

Сондай-ақ ол кезекші сыныпта оқитын балалар масканы өздері алып келуі керектігін айтты. Ал білім ұйымдары бюджет қаражаты есебінен педагогтерді қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етеді.


Соңғы жаңалықтар