Кездейсоқ табылған археологиялық олжалар мемлекет меншігіне өтуі тиіс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Әділет министрлігінде өткен Заң жобалау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңының жаңа редакциясы ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұсынылған өзгерістерде археология ескерткіштеріне ерекше көңіл бөлініп отыр.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталовтың айтуынша, Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіштер тіркелген, оның басым бөлігі археологиялық ескерткіштер санатында. Қолданыстағы Заңда аталған бағыттағы нормалардың саны өте аз және археологиялық ескерткіштер заңнамалық тұрғыда ерекше қорғауға мұқтаж.

Министрлік өкілінің айтуынша, археология нысандарын айрықша мемлекеттік меншік деп тану қажет. Бұл жеке меншік жерлердегі ескерткіштерді сақтауға заңнамалық кепілдік болып табылады.

Одан бөлек, тарихи-мәдени мұра нысандарының бірыңғай электрондық мемлекеттік тізілімін құру керек. Онда тарихи-мәдени құнды нысандар туралы деректер базасы, карта және қорғалған аймақтар туралы мәліметтер болуы тиіс.

Өкілетті орган мен жергілікті атқару органдарының өкілдіктерін шектеп, сараптамалық тұжырымдарды әзірлеу, құжаттау және өзге де құқықтарды Мемлекеттік республикалық музей-қорықтарға немесе Мемлекеттік облыстық ескерткіштерді қорғау инспекциясына табыстаған жөн.

Сонымен бірге, министрлік өкілдері кез келген археологиялық олжаның мемлекет меншігінде болуы тиіс екенін баса айтты және құнды археологиялық мұраларды кездейсоқ тауып алғандарға заң жүзінде сыйақылар берілуі мүмкін екенін хабарлады.

«Мемлекет қаражатына жүзеге асырылатын археологтардың арнайы зерттеу жұмыстары заңмен реттелген, онда табылған олжалар мемлекет меншігіне өтеді. Ал кездейсоқ адамдардың құнды тарихи олжаны тауып алу жағдайы қазіргі заңнамада қарастырылмаған. Табылған олжалардың барлығы мәдени құндылық болып саналатындықтан, кез келген археологиялық олжаның заң жүзінде мемлекет меншігінде болғанын қалаймыз. Заңға енгізілетін жаңа өзгерістерде кездейсоқ табылған құнды археологиялық олжаны мемлекетке өткізудің толық тәртібін бекіту көзделіп отыр. Тапқан адамға олжаның пайыздық бөлігін ақшалай беру мәселесі де қарастырылып жатыр», -  деп түсіндірді Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейілова.

Депаратмент директоры табылған олжаны қасақана мемлекетке өткізбеген жағдайда әкімшілік шаралар қолданылуы мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, қазіргі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңы 1992 жылдың 2 шілдесінде қабылданған. Аталған заңды жетілдіру мақсатында оған 2007, 2015 және 2017 жылдары түзетулер енгізілген.

Мәдениет және спорт вице-министрінің айтуынша, қоғамда орын алып жатқан қарқынды өзгерістер қолданыстағы заңның көптеген қағидаларының ескіруіне әкеп соққан.

Соңғы жаңалықтар