Кездейсоқ адамдарға судья болуға жол жабылды - Жақып Асанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта елімізде кездейсоқ адамдарға судья болуға жол жабылды. Бұл туралы бүгін судьялардың кеңейтілген кеңесінде ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір судья болу бұрынғыдай оңай емес. Өйткені, үміткер кейстік тапсырмалар орындап, эссе жазуы керек, психологиялық тестен өтуі тиіс. Сондай бірнеше сатысы бар. Соның барлығынан өтіп, содан кейін Жоғарғы соттың 7-8 судьясының алдында арнайы сұхбаттан өтуі қажет. Ол да жай шаруа емес. Бұл жүйе іріктеудің әділ және ашық өтуіне, мықты мамандардың келуіне жағдай жасап отыр. Тіпті, қазір сіздерге мойындайын, маған біреу келіп «Жақып Қажыманұлы маған судья болуға көмектесіңіз» десе, менің қолымнан ол келмейді. Неге? Себебі Жоғарғы сот кеңесімен жасаған жүйе ондай мүмкіндікті маған бермейді», - деді ол 2019 жылдың 1 жарты жылдығындағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы қаралған кеңесте.

Оның атап өтуінше, судья болатындарды тексеретін 15-20 адам болады және олар кімнің тамыр-таныс арқылы келгендігін біліп отырады.

«Олардың барлығынан қай бетіңмен сұрайсың? Сондықтан қазір ондай өтініштер тыйылды. Өйткені, барлығы әділ ашық өтеді. Білім, біліктілік, ұмытылыс, деңгей керек», - деді Жоғарғы сот төрағасы.

Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта біліксіз, кездейсоқ заңгерлерге судья болуға жол жабылғанын баса айтты.

«Енді кейбіреулері сұрауы мүмкін. Бәрінің ауызына қақпақ бола алмайсың. Олар сауатсыз, ештеңе білмейтін, түсінбейтін, білімсіз адамдар. Өйткені олар жүйенің не екенін білмейді. Жүйенің мазмұнын түсінсе, ондай өтініш болмайтын еді. Бірақ, әсіресе кадр мәселесінде бізді құртатын осы өтініштер», - деді Жақып Асанов.

Соңғы жаңалықтар