Кездейсоқ адам судья болғанша, орны бос тұрғаны жақсы – Жоғарғы сот

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жаңа судьялардың жеке қасиеті мен кәсіби деңгейі қаралды және 300-ден астам вакансия босады. Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сотының ресми өкілі Айдос Сәдуақасов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылдан бастап сот жүйесіне жобалық менеджмент элементтерін енгіздік. Ең алдымен, сотты ұйым ретінде қарастырдық. Кез келген ұйым секілді бізде де 3 кезең бар: «КІРІС – ПРОЦЕСС – ШЫҒЫС». Кіріс дегеніміз – сотқа түсетін істер, жаңа судьялық кадрлардың келуі және соттардың инфрақұрылымы мен сервисі. Процесс – сот ісін жүргізу кезеңі. Ал шығыс – қорытынды сот актілері. Сарапшылармен бірлесіп, осы үш кезең бойынша жан-жақты, егжей-тегжейлі талдау жүргіздік», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтынша, сотқа келіп түсетін істердің 70%-ға жуығы шындап келгенде сотсыз-ақ шешілетіні белгілі болды. Демек, судьялар басы артық жұмыспен айналысып келген.

«Екіншіден, жаңа судьялардың жеке қасиеті мен кәсіби деңгейіне қатысты көптеген сұрақтар туындады. Үшіншіден, соттардың ғимараттары мен сервистері келушілерге және судьялардың өздеріне қолайлы болмады. Осы мәселелерді шешу үшін 30-дан астам заң қабылданды, судьяларды іріктеу жүйесі күшейтілді, соттардың материалдық-техникалық базасы нығайды.

Нәтижесінде біліксіз заңгерлердің судьялық мансапқа жолы жабылды. Осыған байланысты қазір 300-ден астам вакансия бар. Бұл барлық судьялық штаттың 13 пайызын құрайды. Біздің ұстаным мынадай – кездейсоқ адам судья болғанша, оның орны бос болғаны жақсы», - дейді А. Сәдуақасов.


Соңғы жаңалықтар