Кез-келген зайырлы қоғамда мемлекеттік рәміздерге құрмет салтанат құруы тиіс - Нұрмұхаммед Мейманқожа

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кез-келген адам зайыры қоғамда мемлекеттік рәміздерге, сол елдің заңы мен өмір салтына құрметпен қарауы тиіс. Бұл туралы бүгін Алматы жаңа технологиялар колледжінде өткен дәріс барысында дінтанушы, магистр Нұрмұхаммед Мейманқожа айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

16 қыркүйекте Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Алматы жаңа технологиялар колледжінде студенттермен кездесу өтті.

Жиында 220 студентке дін туралы заңнама негіздері, экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы заңнама түсіндірілді.

«Қазақстанда экстремизм заңмен қудаланады. Заң бойынша экстремизм – саяси, ұлттық, діни экстремизм болып үшке бөлінеді. Саяси экстремизм - саяси мақсатты көздейтін болса, ұлттық экстремизм белгілі бір ұлтты басқалардан жоғары деп есептеу, діни экстремизм дегеніміз белгілі бір діни ағымды, дінді басқа діндерден жоғары деп санап, «басқалардікі ақиқат емес» деп түсіну, діни үстемдікті көрсету. Сіздерге арналған дәрісім арқылы жастар осыны біліп жүрсін деген ойдамын», - деді Нұрмұхаммед Мейманқожа.

Аудиторияға бейбітшілк туралы, қоғамдық келісімнің маңызы, отбасыға, жеке адамға терроризм төндіретін қауіп туралы айтылды.

Студенттер Қазақстанда 700 жуық діни әдебиетке тыйым салынғаны, тыйым салынған діни ағымдар туралы мағлұмат алды.

«Бүгінгі таңда қоғамның кейбір топтары, әсіресе жастар немесе халқымыздың тарихи-мәдени құндылықтарын және салт-дәстүрлерді бойына сіңірмеген азаматтарымыз теріс пиғылды ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Ұлттық әуендер мен жырлар, шығармалар, әдеби мұралар кез-келген ұлттың рухани құндылықтары болып табылады. Материалды және рухани мәдениет ошақтары кез-келген қоғамның жан-жақты дамуына үлесі қосары сөзсіз», - деді дінтанушы.


Отырыс барысында студенттер діни сипаттағы киім кию үлгісіне байланысты сұрақтар қойды.

«Конституция – біздің Ата заңымыз. Онда әр адамның құқықтары, мен бостандықтары, өмірі еліміздің басты құндылығы болып саналады. Осы конституцияның аясында бірнеше заң өрбиді. Одан бөлек бұйрықтар мен жарлықтар бар. Сол заңдарды ескере отырып, адам құқықтарын негізге ала отырып, әр мекемеде ұйымда ішкі тәртіп ережелері орнатылады. ҚР Білім және ғылым министрлігінде де бірегей киім туралы бұйрық бар. Мектепте білім алатын оқушылардың барлығы сол ережелерге бағынуы тиіс. Әр мекеменің ішкі тәртібіне бағыну керек», - деді Н.Мейманқожа.



Соңғы жаңалықтар