Кез келген түйінді мәселе өзі шешімін табуы тиіс – Бақыт Жаншаева

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік қоғам белсендісі Бақыт Жаншаева шешімі кезек күттірмейтін мәселелерді, халықты толғандырған сұрақтарды атқарушы органға жеткізіп отырады. Ол бұл қоғамдық жұмыстың тиімді тұстарын ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен құрылған қоғамдық бақылаудың Ақтөбе облысы бойынша үйлестірушісі Бақыт Жаншаева өңір тұрғындарына жақсы таныс. Журналист әрі қоғам белсендісі соңғы жылдары көпбалалы аналар мәселесін жиі көтеріп жүр. Коронавирус инфекциясы белең алып, карантин шарасы күшейген кезде санитария талабын сақтау, дезинфекция жұмыстарын жүргізуді бақылап, әлеуметтік төлем мәселелерін өткір көтерді. Облыс әкімі жанынан құрылған мониторинг топпен көшелерді аралап, сауда орындарының жұмысын қадағалады.

«Мобильді топ құрамында автобустардың жұмысын бақылап, саябақтарда мониторинг жүргіздік. Тек қадағалау ғана емес, түсіндірумен де айналыстық. Соңғы аялдамаға барып, дезинфекцияны қалай жасайтынын қарадық. Жолаушыларға маска тағудың маңызын қайта-қайта еске салып отыруға тура келеді. Саябақта да дәл сондай жағдай. «Таза ауада отырмыз, тағу міндетті емес» деп уәж айтатындар бар. Санитария талабы бойынша бір отбасыдан болмаса, саябақта бетпердесін тағып, арақашықтықты сақтаулары керек. Мұның бәрі уақыт талабы», - деді Бақыт Жаншаева.
Қоғам белсендісі демалыс күндері де бақылау жұмысын жалғастырады. «Ана мен бала» саябағына барып, онвң қащіргі жай-күйіне қатысты мәселелерді қайта көтерді.
«Біз карантин кезінде ғана емес, бұрын да өңірдегі істердің олқы тұстарын жиі көтеріп жүміз. Мәселен, саябаққа барғанда ойын алаңдарындағы қоқыс, ондағы шамдардың сынып, тозығы жеткенін, аттракциондардың жарамсыз күйге түскенін суретке түсіріп, атқарушы органға жолдадым. Бұл қоғамдық орын, үнемі күтімді қажет етеді. Сондықтан қала әкімдігі үнемі назарда ұстап, қалпына келтіруі тиіс. Көгалдандыру жұмыстары да ақсап тұр», - деді қоғам белсендісі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен құрылған қоғамдық бақылауға үлкен жүк артылды. Бұл қоғам мен атқарушы орган арасындағы байланысты тығайта түсетін тетік.
«Заңсыздықты көріп, үндемей қалуға болмайды. Мәселен, дәріханада баға көтерілді. Себебін білуге әркімнің құқығы бар. Дүкендерде санитария талабын сақталмаса, тұтынушы құқығының бұзылғаны. Тек облыс орталығында емес, аудандарда да бұл жұмыс жолға қойылған. Фото, видео материалдар жібереді. Маған түскен ақпараттарды жауапты органдарға жіберемін», - деді Бақыт Жаншаева.


Соңғы жаңалықтар