Кез келген кәсіпкер бейнеконференция арқылы Бас прокуратура мен Қаржы полициясының бірінші басшыларына жүгіне алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда кез келген кәсіпкер бейнеконференция арқылы Бас прокуратура мен Қаржы полициясының бірінші басшыларына жүгіне алады.

Бұл туралы бүгін Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің аралық қорытындысын шығарған ҚР Парламенті Сенатындағы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Ғани Қасымов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, бизнес мүддесін қорғау үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Бас прокуратурасы, Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сонымен бірге өзара іс-шаралардың бірлескен жоспарын анықтады.

«Ендігі жерде әрбір кәсіпкер қай өңірден екендігіне қарамастан бейнеконференция арқылы құқықтық сипаттағы мәселелермен Бас прокуратураның және қаржы полициясының бірінші басшыларына жүгіне алады», - деді ол.

Ғ.Қасымовтың атап өтуінше, ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау департаменті жыл басынан бері кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштердің 32-сін Бас прокуратураға, 6-ауын Қаржы полициясына жолдаған.

«Бүгінгі күнге дейін Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің 5 отырысы өткізіліп, 17 мәселе қаралды. Оның 11-і 100 пайызға оң шешімін тапты», - деді Ғ.Қасымов.

Айта кетейік, бизнестің құқығы мен мүддесін жан-жақты қорғау үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес құрылған болатын. Оған Ғ.Қасымов төрағалық жасайды.

Соңғы жаңалықтар