Кейуананы тонаған ұрыны ұстаған полицей: Міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қадағалау

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында қарт кісінің қолындағы пакетін тартып алып қаша жөнелген әйелді көрген учаскелік инспектор Ерлан Асанов лезде оның соңына түскен. Көп ұзамай оны қуып жеткен тәртіп сақшысы жәбірленушінің жеке заттары мен ақшасын қайтарып берді. Полиция капитаны оқиғаның бүге-шүгесін ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Оқиға қараша айының басында Алтай қаласында болған. Учаскелік инспектор Ерлан Асанов «Учаске» жедел алдын алу шарасы барысында Солнечное көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйге келген. Кенет подъездің алдындағы айқай-шуды естіп қалады.

«Далаға шықсам қарт кісінің қолындағы пакетті жұлып алған әйел қашып барады. Лезде оның соңына түстім. Тонаушы пакеттің ішіндегі әмияннан ақшаны алды да, қалғанын тастай салды. 50 метрдей жердегі әйел адамды көп ұзамай қуып жеттім. Соңынан анықталғандай, ол бұған дейін сотты болмаған екен. Айтуынша, қылмысқа ішімдікке ақша жетпегеннен кейін барған», - дейді тәртіп сақшысы.

Осылайша, полицей зейнеткерге жеке заттары мен ақшасын қайтарып берді. Тонаушы пакетті қолынан жібергісі келмеген жәбірленушіні жерге құлатып, сүйреген. Ерлан Асанов қылмыс жасаған адамды қолға түсірген соң «102» арнасына хабарласып, мән-жайды баян еткен. Әже дәл сол мезетте оқиға орнынан табылып, көмек көрсеткен учаскелік инспекторға алғысын білдірді.

«Мектепте оқып жүрген кезімде «Өскенде кім боласың?» деген сұраққа үнемі «полиция қызметкері» деп жауап беретінмін. Аллаға шүкір, сол мақсатыма жеттім. 2007 жылдан бері құқық қорғау органында еңбек етіп келеміз. Әйелім, 3 балам бар. Әрине, учаскелік инспектордың жұмысы оңай емес. Әр түрлі жағдайлар орын алып жатады. Бірақ өзімнің сүйікті жұмысым болғандықтан барлық қиындықты оңай еңсеремін. Біздің мақсатымыз – халыққа қызмет ету, қоғамдық тәртіпті қадағалау. Жұбайым жұмысыма әркез түсіністікпен қарайды», - деді полиция капитаны.


Соңғы жаңалықтар